Twitter Meta компаниясын «ұрлық» жасады деп айыптады
Twitter компаниясының заңгері Алекс Спиро Facebook пен Instagram-ға иелік ететін Meta компаниясын сотқа беретінін айтты. Оған себеп – Meta компаниясы шығарған Threads жаңа әлеуметтік желісі Twitter-ге қатты ұқсайды.
Twitter заңгері Алекс Спиро Meta бас директоры Марк Цукербергке ресми хат жолдап, онда «Threads желісін құру кезінде Twitter-дің коммерциялық құпиялары мен басқа да зияткерлік меншігін жүйелі түрде және қаскүнемдікпен заңсыз иемденді», деп айыптады.
Ал Twitter иесі Илон Маск: «Бәсекелестік жақсы, бірақ алдау жақсы емес», деп жазды өзінің әлеуметтік парақшасында.
Threads желілік қолданбасы осы аптаның ортасында іске қосылып, оған 30 миллионға жуық адам жазылып үлгерді. Meta компаниясы бастапқыда бұл желінің Twitter-дің баламасы болатынын мәлімдеген. Threads сыртқы түрі мен функционалдығы жағынан Twitter-ге өте ұқсас.
Сонымен бірге заңгер Алекс Спиро өз хатында, Meta компаниясын Twitter-дің оншақты бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа алды деп айыптады. Заңгердің айтуынша, ол қызметкерлер компанияның құпия құжаттарына әлі де қол жеткізе алады және соның негізінде әлеуметтік желінің көшірмесін жасаған.
Twitter заңгері Метадан бұл құпияларды қолдануды дереу тоқтатуды талап етті және сотқа беретінін мәлімдеді.
Ал жаңа желі Threads-тің өкілі Энди Стоун компанияның техникалық тобында Twitter-дің бірде-бір бұрынғы қызметкері жұмыс істемейтінін мәлімдеді.
Threads микроблогы 30 тілде ұсынылады, арасында орыс тілі де бар. Бұл қосымшада қолданушылар Instagram-дағы есептік жазбаларын және есімін пайдалана алады. Twitter-дегі секілді мұнда да мәтін хабарламасын жазып, өзгелердің жазбасына реакция білдіріп, пікір қалдырып, бөлісуге мүмкіндік бар.