Биыл Алматының 230 көшесін жөндеуге 20 млрд теңге кетеді
Фото: kursiv.media
Биыл Алматының 200 шақырым жолын жөндеуге 20 млрд теңге бөлінеді. Бұл жайлы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Шамамен 230 көше жөнделеді деп жоспарланып отыр.
«Алматы қаласының көше-жол желісін орташа жөндеу жоспары 2022 жылдың 4 тоқсанында аудан әкімдіктері және тұрғындардың өтініштері бойынша қалыптасты. Қала бюджетінде биылғы жылы ұзындығы 200 км 230 көшені жөндеу жоспарланған. Оған 20 млрд теңге қарастырылған. 2022 жылы ұзындығы 189 км 210 көшеге 17,5 млрд теңге сома жұмсалды. Бұл үшін аудандарға жалпы бюджеттен 500 млн теңге бөлінді», делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл ретте ұқсас жұмыс түрлері мен құрылыс материалдарының сметалық құны өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 7-10%-ға өскен. Мысалы, ҚР аумағында қолданыстағы сметалық бағалар жинағына сәйкес 2022 жылы 1 тонна қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонның құны 18 781 теңге болса, биыл 21 002 теңгені құрап, 11%-ға қымбаттаған. 2022 жылы 1 тонна жол битумының құны 168 642 теңгені құраса, 2023 жылы оның бағасы 175 315 теңге болып, 4%-ға өскен.
Ал ауыр бетонның құны 2022 жылы 20227 теңге болған, 2023 жылы – 8%-ға қымбаттап, 21863 теңге болған. Сонымен бірге жол жұмысшыларының жалақысы санатына байланысты 2022 жылы бір адамға 1648 теңгені құраса, 2023 жылы – бір адамға 2063 теңге болған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жөндеу жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 86%-дан 89%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.