Мәдениет министрлігінің болжамынша 2030 жылға қарай туристер саны 15 млн-ға жетеді
Фото: kursiv.media
2030 жылға қарай Қазақстанда турстер саны 15 млн-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Оның 11 млн ішкі туристер болса, 4 млн шетелдік туристер. Бұл жайлы өзінің Facebook-тағы парақшасында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты.
«Біздің мақсатымыз – туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру. Атап айтқанда, осы саладағы жұмыспен қамтылған азаматтарымыздың санын 800 мыңға дейін, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемінің өсімін 6 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қонақ үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру көзделген», деп жазды министр.
Ұлттық туристік портал жұмыс істейтін болады
Бұл орайда көші-қонды бақылау мақсатында «eQonaq» электронды жүйесі іске қосылады. Сонымен бірге салынған қаражаттың тиімділігін бағалау үшін туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлердің ұлттық рейтингтік бағасы енгізіледі. Рейтингке Қазақстанның туристік картасына енгізілген басым бағыттар мен ТОП-50 дестинация кіреді.
Өңірлік туризм саласын дамытуға инвестиция тартылып, онда басымдық Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Алматы тау-шаңғы кластеріне басымдық берілмек. Қазақстанның маңызды табиғи нысандарын сақтау үшін де инвесторлар тартылып, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымын дамыту жалғаса түспек.
Министр елімізде туристердің оңай қозғалуы үшін жолдардың стандарттарға сәйкес таңбаланатынын да атап өткен.
«Бүкіл еліміз бойынша туристік жолдарды таңбалау жөніндегі стандарт қабылданады. Маршруттарды бөлу туристердің даярлық деңгейі мен күрделілігіне қарай жүргізіледі. Әр санат белгілі бір түске сәйкес жасалып, соқпақтың басында оның күрделілігі және туристке қажетті талаптар туралы ақпарат орналастырылады. Деректер, ақпараттық қалқандар мен стендтерді орнату туристерге дұрыс бағыт-бағдар алуға және саяхаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді министр.
Сонымен бірге ақпарат қолжетімді болу үшін туристік нысандар орналасқан жерлер мен жергілікті жерлерде көрсетілетін қызметтердің тізбесі туралы Ұлттық туристік портал жұмыс істейтін болады.
Агротуризм мен этнографиялық туризм дамиды
Кадр дайындау туризм саласын дамытудың бір тетігі. Соған сәйкес алдағы уақытта халықаралық сарапшыларды тарта отырып, білім беру бағдарламалары дайындалып, ағылшын тіліндегі пәндер үлесі артады. Министр туризм саласындағы 29 шетелдік жоғары оқу орнымен келісімшарт жасалғанын атап өтті. Осы іс-шаралар нәтижесінде 2029 жылдың соңына дейін туризм саласында кемінде 14 мың адамның біліктілігін арттыру көзделген.
Жоспарда агротуризм мен этнографиялық туризмді дамыту да бар. Осы екеуін дамыту үшін арнайы нормативтфік құқықтық актілер жетілдірілмек. Мәселен, қолөнершілікті дамыту мақсатында Қазақстан қолөнершілерінің ұлттық тізілімі қалыптастырылады және олардың мәртебесі бекітіледі. Басым туристік орындарда қолөнер шеберханаларының желісін ашып, ұлттық және өңірлік кәдесый өнімдерінің стандарты мен көрнекілік жағынан сәйкестігі әзірленеді. Сондай-ақ ең танымал автомобиль жолдары бойында кемпингтер, трейлер парктері мен этноауылдар желілері құрылады.
Сонымен бірге медициналық және шипажай-курортты ұйымдардың сапалы емдеу-сауықтыру қызметтерінің санын арттыру мақсатында туроператорлармен ынтымақтасатын болады. Қазақстанның медициналық туристік өнімдерін шетелде таныту және ілгерілету бойынша жұмыстар да басталады.
«Аталған барлық бағыттар бойынша белсенді жұмыс 2030 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін арттыруға септік етеді. Қазақстанның орналасу орындарында төсек-орын санын 280 мың бірлікке дейін жеткізу күтіліп отыр. «Саяхат» жіктемесі бойынша қызметтер экспорты 5,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі», дейді Асхат Оралов.
Елімізде туризм саласы қалай дамып жатыр?
Министр сонымен бірге ұйымдастырылған ішкі туризмді ынталандыру үшін қолданыстағы «Kids go Free» бағдарламасымен қатар туристік кэш-бек енгізілетінін мәлімдеді.
«Kids go Free» бағдарламасы жалпы балалармен қолайлы отбасылық демалысты ынталандыру мақсатында жүзеге асырылады. Министрлік өткен жылдан бастап турпакет құрамында балалар авиабилетін субсидиялау бағдарламасын енгізді.
Биылғы жылы «Kids go free» бағдарламасымен 2000-нан аса бала қамтылады деп көзделіп отыр. Осылайша Министрлік ішкі туризмді дәріптеу және қазақстандықтардың демалысқа жұмсалатын шығынын 30%-ға қысқартуға ықпал етуді жоспарлап отыр.
Ал 2022 жылғы көрсеткіштердің қорытындысы бойынша ішкі туристердің саны 8,6 млн адамға жетті. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігі ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңартылғанын мәлімдеген. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға көп. Сондай-ақ, елімізде демалыс орындарының қатары көбейген. Мәселен, былтыр туристерді орналастыруға арналған 284 жаңа орын тіркелген, еліміз бойынша олардың жалпы саны 4 мыңға жетті. Ал бір мезгілдегі сыйымдылық 10 мың бірлікке артып, 203 мыңнан астам төсек-орынды құрады.
Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деп күтіліп отыр. Елімізде туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы құны 27 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Оның ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автожол салынуы, сондай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда 439,3 млрд теңгені құрайтын 83 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып отыр.