Фото: kursiv.media
АҚШ-тың ең ірі алты банкі – JPMorgan Chase, Bank of America, Citigroup, Wells Fargo, Goldman Sachs және Morgan Stanley алдағы күндері сәуір-маусым айларында мерзімі өткен жалпы сомасы 5 миллиард доллар несиелерді есептен шығару туралы есеп бермек, деп хабарлайды Financial Times Bloomberg-ке сілтеме жасап. Сонымен бірге басылым өндіріп алу мүмкін емес несиелерді жабуға банктердің қосымша 7,6 миллиард доллар жұмсайтынын жазды.
Бұл көрсеткіштер бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге көп. Дегенмен, бұл бағалар пандемияның басында тіркелген есептен шығару мен резервтік көрсеткіштерден әлдеқайда төмен, Онда көрсеткіштер 6 миллиард және 35 миллиард долларға жеткен болатын.
Есептен шығару көрсеткіштерінің күрт өзгеруіне несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылауы әсер етпек. Бұл банктерге пайыздық кірісті арттыруға мүмкіндік берді, бірақ сонымен бірге қарыз алушылар несиелеріне қызмет көрсетуде қиындықтармен кездесті.
Сарапшылар несие карталарын банктер үшін ең үлкен проблемалардың бірі деп санайлы. Атап айтқанда, JPMorgan картасының несиелері бойынша есептен шығару бір тоқсандағы көрсеткіштері бір жыл бұрын 600 миллион доллар болса, биыл 1,1 миллиард долларды құраған. Bank of America-да карточкалық несиелер есептен шығарылған қаражаттың төрттен бір бөлігін құрайды.
Сонымен қатар коммерциялық жылжымайтын мүлік несиелері тағы бір қиындық көзіне айналған. Оның иелері кеңселерге деген сұраныстың төмендеуіне тап болды. Өйткені пандемия аяқталғанына қарамастан қашықтан жұмыс істеу және гибридті жұмыс кеңсеге деген сұранысты күрт төмендеткен.
АҚШ-тың ең ірі банктері арасындағы ірі коммерциялық жылжымайтын мүлік жөніндегі несие беруші Wells Fargo инвесторларға банктің жылжымайтын мүлік несиелері бойынша ықтимал шығындарға арналған провизияларға 1 миллиард доллар қосқанын мәлімдеді.
Сарапшылар инвестициялық банктік кірістердің де күйзеліске ұшырауы мүмкін екені айтады. Уолл-стрит пен корпоративтік кеңес беру банктерінің кірістері мәміле жасау белсенділігінің болмауына байланысты осы тоқсанда қайтадан төмендейді деген болжам бар. Сонымен қатар соңғы жылдары қаржы нарығының тұрақсыздығы аясында күрт өскен сауда кірісінің өсімі де бәсеңдейді деп күтілуде.
Дегенмен, банк сарапшылары пайыздық мөлшерлемелерді көтеру ірі банктердің көпшілігіне кері әсер еткенімен мұндай шешімнің пайдасы да басым болатынын айтады. Орташа алғанда, сарапшылар АҚШ-тың ең ірі алты банкі акцияға шаққандағы кірістің жыл сайынғы 6%-ға артқанын хабарлайды.
14 шілдеде алғашқылардың бірі болып есеп беретін JPMorgan өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда несиелік шығындардың ең үлкен пайыздық өсімін көрсетеді деп болжанып отыр. Сарапшылардың болжауынша, есептен шығарылатын несиелер, атап айтқанда, өтелмейтін деп танылған шығындар мен екінші тоқсандағы жаңа резервтердің жиынтық құны 3,8 миллиард долларды құрайды деп күтілуде. Бұл бір жыл бұрын елдің ең ірі банкінде жарияланған мерзімі өткен несие бойынша 1,8 миллиард долларлық көрсеткіштен 120 пайызға жоғары.
Сарапшылардың болжауынша, Wells Fargo және Bank of America банктеріндегі жиынтық несие шығындары бір тоқсандағы көрсеткіші бойынша екі еседен асады. Бұл ретте Голдманның шығыны 70%-ға, ал Morgan Stanley және Citi-дің шығыны – 60%-ға артады.
JPMorgan, Citigroup және Wells Fargo 14 шілдеде есеп берсе, Bank of America және Morgan Stanley 18 шілдеде, Goldman Sachs 19 шілдеде кірістер туралы есеп бермек.