«Эйр Астана» кірісін жарты триллион теңгеге дейін арттырды
Фото: kursiv.media
«Эйр Астана» авиакомпаниясы 2022 жылы өз кірісін 324,9 млрд теңгеден 478 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл ақпарат компанияның шоғырландырылған қаржылық есебінде келтірілген.
Құжатта кірістің 96,6 пайызы жолаушылар тасымалына тиесілі екені көрсетілген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 34%-ға артып, 305,2 млрд теңгеден 462,2 млрд теңгеге дейін өскен. Бір жыл ішінде компанияның жолаушылар тасымалы 800 мың адамға артып, 2021 жылғы 6,6 миллион жолаушыдан 2022 жылы 7,4 миллионға дейін көбейген.
Маршруттар саны да бір жыл бұрын 84 болса, қазір 88-ге дейін өскен. әуе компаниясының паркіндегі ұшақтарының саны да 36-дан 43-ке артқан. Жүк тасымалы мен пошта жөнелтілімдерінен түскен кіріс 4 миллиард теңгеге азайып, 10,2 миллиард теңгені құрады. Басқа кірістер 1,6 есеге өсіп, 5,6 млрд теңгені құраған.
«Біз Еуропаға, Азияға, Үндістанға және Кавказға баратын бағыттарға жүк өткізу қабілетін қайта бағдарлау арқылы Ресейге және оның үстінен рейстердің тоқтатылуынан болған табыстың орнын толтыра алдық», – делінген қаржылық есеп берудің түсіндірмесінде.
«Эйр Астананың» бір жылдағы таза пайдасы 2,5 есе өсіп, 37,58 млрд теңгеге жетті. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 15,49 млрд теңге болған. Ал 2020 жылды компания 38,67 млрд теңге шығынмен аяқтады. Оған COVID-19 пандемиясы әсер етті.
«2022 жылы топтың таза табысы 117%-ға өсіп, 78,4 миллион долларға дейін, 7,35 миллион адам жолаушылар ағынынан түскен 998,1 миллион доллар жолаушы кірісі бойынша өсті. Бұл біздің қызмет басынан бергі ең жоғары жылдық жолаушы ағыны: «Эйр Астана» 4,11 миллион жолаушы, ал FlyArystan — 3,24 миллион жолаушы тасымалдады», делінген құжатта.
Компанияның активтері бір жылда 18%-ға өсіп, 579 млрд теңгеге жетті. Бұл негізінен қорлардың ұлғаюына байланысты болған. Міндеттемелер 12%-ға артып, 448,3 млрд теңгеден 508,3 млрд теңгеге дейін өскен.
Ағымдағы жылдың наурыз айының соңында 2022 жылға арналған дивидендтер мөлшері 7,5 млрд теңге немесе топтың өткен жылғы таза кірісінің 20%-ы мөлшерінде бекітілген.
2023 жылдың I тоқсанында компания 423 млн теңге таза пайда алды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе аз. Авиакомпанияның қаңтар-наурыз айларындағы кірісі 39,2% – ға артып, 108,8 млрд теңгеге, жолаушылар тасымалынан түскен түсім – 38,8%-ға артып, 105,5 млрд теңгеге дейін, жүк және пошта тасымалдарынан түскен түсім 46,9%-ға артып, 2,4 млрд теңгеге дейін өсті. Ағымдағы жылдың басынан бері компанияның активтері 2%-ға көтеріліп, 589,8 млрд теңгеге дейін, міндеттемелер 4,4%-ға көтеріліп, 527,5 млрд теңгеге дейін өсті. Ал меншікті капитал 11,6%-ға азайып, 62,3 млрд теңгеге дейін қысқарса, жарғылық капитал өзгерген жоқ және 2,5 млрд теңгені құрады.
«Эйр Астана» 2001 жылдың қыркүйегінде үкімет қаулысымен құрылған. Топтың негізгі қызметі – жолаушыларды тұрақты ішкі және халықаралық әуе тасымалымен қамтамасыз ету. Басқа қызмет түрлеріне жүк және пошта тасымалы жатады. Топ алғашқы рейсін 2002 жылы мамырда Алматыдан Астанаға Boeing 737 ұшағымен жасады. Топқа бір заңды тұлға болып табылатын екі авиатасымалдаушы – «Эйр Астана» және «Флай Арыстан» кіреді. Топтың акционерлері «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры және BAE Systems Kazakhstan компаниялары, тиісінше, 51% және 49% акцияларына иелік етеді.