Электр желісіндегі апат салдарынан тоқтаған АМӨЗ жұмысы қайта жанданды

Жарияланды
Фото: АНПЗ

Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі хабарлағандай, зауыт 6 шілдеден бастап мұнай өнімдерін шығара бастады.

Ақпаратқа сәйкес, баяу кокстеу қондырғысында апатты тоқтау салдарынан бітеліп қалған жабдықты тазалау аяқталған соғ 9 шілдеде іске қосылуы тиіс болған.

Ал, «АМӨЗ» ЖШС әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін тұтынушыларға жинақталған қор есебінен жөнелтуді жалғастырып жатыр.

«Кәсіпорын 1-6 шілде аралығында: — 24 мың тонна АИ-92 автобензинін; — 9 мың тонна АИ-95 автобензинін; — 40 мың тонна дизель отынын; — 3 мың тонна авиаотын жөнелтті», делінген хабарламада.

Атырау мұнай өңдеу зауыты 3 шілде күні жергілікті уақыт бойынша сағ. 17.25-те МАЭК жылу электр станциясында болған апатқа байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін зауыттың отын желісі факелге жіберілген еді.

З шілде сағ. 19:35-те «KEGOC» АҚ тарапынан электр қуаты қайта беріле бастады. Қазіргі уақытта кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, Маңғыстауды және АМӨЗ-ді электр қуатымен қамтып отырған «МАЭК» ЖШС ЖЭС №1 энергоблоктың жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, 9 шілдеде таңғы сағат 04.11-де блок жұмысқа қосылды, ал түстен кейін сағат 15.25-те оның қуаты 150 МВт-қа дейін жеткізілген.

«Қазіргі уақытта комбинаттың жалпы генерациясы 565 мвт құрайды. «МАЭК» ЖШС Атырау өңіріне 36 МВт қуат бере отырып, Маңғыстау облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде», делінген хабарламада.

Ақтау қаласы мен облыстың елді мекендерінің тұрмыстық тұтынушыларын энергия ресурстарымен қамтамасыз ету бойынша шектеулер жоқ.

Бұған дейін, Апатты жағдайда жұмысын тоқтатқан МАЭК 7-шілдеде толық іске қосылады деп жоспарланған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз