Қазақстанда үш жылда коронавирус пандемиясынан қайтыс болған 186 қызметкердің отбасына 10 млн теңгеден берілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық экономика бюросының деректері бойынша коронавирус пандемиясынан 2020 жылы – 4 729 адам, 2021 жылы – 14 807 адам, 2022 жылы – 1 022 адам, 2023 жылдың 6 айында – 24 адам қайтыс болды.
Үш жылда инфекция салдарынан қайтыс болғандар саны 20 582 адамға жетті.
Коронавирустан қайтыс болғандар арасында медицина қызметкерлері де бар. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, олардың саны 250 адамды құрайды.
«Коронавирус пандемиясы кезінде 250 медициналық қызметкер коронавирус инфекциясынаү қайтыс болды», – деп жауап берді министрлік ресми сауалға.
Ведомство 2020-2023 жылдары коронавирус пандемиясынан қатыс болған қызметкерлерге қанша көлемде әлеуметтік төлем төленгенін де хабарлады.
Денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне бір реттік әлеуметтік төлем «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған немесе солардан қайтыс болған жағдайда оларға бір реттік әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен бұйрығына сәйкес жүргізілген.
Бұл құжатқа 2020 жылдың 9 сәуірінде қол қойылды.
Бұйрыққа сәйкес, әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру үшін облыстардың, репсубликалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарында комиссия құрылған.
«2020 жылдың 20 қазанында әлеуметтік төлемдерге жаңа өтініштер қабылдау тоқтатылды. Сондай-ақ сол жылы 24 қазанда бұйрықтың күші жойылды», – делінген ресми ақпаратта.
Осылайша бұйрық күші жойылмай тұрып, пандемия кезінде қайтыс болған 186 медицина қызметкеріне 10 млн тенге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Айта кетейік, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылдың 11 наурызында коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп жариялады. Араға 3 жыл 1 ай және 24 күн салып, ДДҰ ресми түрде пандемияның аяқталғанын, Covid-19 инфекциясының денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай статусы алынғанын хабарлады.