Еуразиялық топтың құрамына кіретін «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ «ENRC Credit» кредиттік серіктестігі» ЖШС-нің 52,15% үлесін сатып алды, деп хабарлады Қазақстан қор биржасы.
«Акциялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ (Ақтөбе) KASE-ге 2023 жылдың 3 шілдесінен бастап «ENRC Credit» кредиттік серіктестігі» ЖШС (ЕЭнЭрСи Кредит) 52,15% қатысу үлесіне ие болғандығы туралы хабарлады», – деп жазылған Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған ақпаратта.
Мәміле 3 шілде күні жасалды. Осы уақыттан бастап «Қазхром» бірнеше компаниялардың акцияларына иелік етеді. Атап айтқанда: «ENRC Credit кредиттік серіктестігі» – 52,15%, Ақжар-хром – 100%, Дон мұнай базасы – 95,53%, Business & Technology Services – 37,99%, Eurasian Digital Ventures ILP – 54,55%.
ERG құрылымына кіретін феррохром өндірумен айналысатын «Қазхром» 2022 жылы таза кірісін 485,9 млрд теңгеге дейін арттырды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 11,8%-ға (434,6 млрд теңге) жоғары.
Акцияға шаққандағы пайда бір жыл бұрын 4 мың теңге болса, былтыр 4,4 мың теңгені құрады. Компанияның кірісі 1,3 трлн теңгеге (1,1 трлн), өнімнің өзіндік құны 589,3 млрд теңгеге (458,7 млрд теңге) дейін өсті.
Оның ішінде, жоғары көміртекті феррохромды сатудан 981,4 млрд теңге (871,9 млрд теңге), тазартылған феррохром – 167 млрд теңге (78,8 млрд теңге), кремний қорытпалары – 137,3 млрд теңге (105,5 млрд теңге), басқа да өнімдер – 3,6 млрд теңге теңге (3,2 млрд теңге) табыс түсті.
Бұл ретте жалпы және әкімшілік шығыстардың айтарлықтай өскенін байқауға болады.
Оның көлемі 2021 жылғы 40 млрд теңге болса, 2022 жылы 67,6 млрд теңгеге дейін артты.
«Қазхром» басшылығының жалақысы, сыйлықақылары да айтарлықтай өсті – бірден 59,2%-ға, 1,3 млрд теңгеге дейін (2021 жылы 0,8 млрд теңге). Ұлттық валютаның долларға шаққандағы ресми бағамы 2022 жылдың соңына қарай 7,1% (бір доллар үшін 431,8 теңгеден 462,65 теңгеге дейін) төмендегенін ескерсек, компания басшылығының кірісі тек теңгемен ғана емес, доллармен де өсті.
Компания пайдалы қазбаларды өндіруге салық төлемдерін 2021 жылғы 17,4 млрд теңгеден 15,6 млрд теңгеге дейін төмендетті.
«Қазхром» бас компаниясы Нидерландыда тіркелген KCR International B.V. болып есептеледі. Ал оның басында Eurasian Resources Group S.à r.l. (ERG) тұр. Аталған компания Люксембургте тіркелген. Оның негізгі қызметі хром және марганец кендерін өндіру, хром кенін сату, сонымен қатар ферроқорытпаларды өндіру және сату.