ҚМГ Өзенмұнайгаздың жылдық табысы 2 трлн теңге деген ақпаратты жоққа шығарды

Жарияланды
Фото: Өзенмұнайгаз

Қазмұнайгаз АҚ Ұлттық компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның жылдық табысына қатысты журналист Михаил Козачковтың жазбасында айтылған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны туралы мәлімдеме жасады.

«Өзенмұнайгаз» АҚ-ның шикізат сатудан түсетін жыл сайынғы табысы 2 триллион теңгені құрайтыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Энергия ресурстарының бағасын, ішкі нарыққа жеткізілетін өнім үлесін (жанар-жағармай бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында) және өндіру көлемін қоса алғанда, компанияның жылдық табысы 1 триллион теңгеден аспайды. Мысалы, 2020 жылы мұнай саудасынан 477 млрд теңге қаржы түсті, ал 2022 жылы бұл сома 901 млрд теңгеге жетті», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Ұлттық компания баспасөз қызметінің дерегінше, журналист жазбасында «Өзенмұнайгаз» шығындарының құрылымына қатысты жалған ақпарат берілген.

«2022 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ ұңғымаларды бұрғылауға 93 млрд теңге немесе жалпы шығындарының шамамен 10%-ын жұмсады. Ал ұңғымаларды жөндеуге 14 млрд теңге немесе жалпы шығындарының шамамен 1%-ы, сорғы-компрессорлық құбырларды сатып алуға 21 млрд теңге немесе жалпы шығындарының шамамен 2%-ы жұмсалды. Биылғы көрсеткіштерге келер болсақ, 4 айдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 14 млрд теңге болды», делінген ақпаратта.

Ақпаратқа сәйкес, «Өзенмұнайгаз» компаниясының ұңғымалар қоры мен арнайы техника паркін, жерасты жабдықтарды жаңартуға бағытталған өзге де инвестициялық шығындарды ескергенде, таза қаржы ағымы минус 40 млрд теңге болған. Журналистің жазбасында да осы мәлімет келтірілген еді.

Сондай-ақ, ақпаратта қала құраушы негізгі кәсіпорын ретінде «Өзенмұнайгазға» жоғары әлеуметтік жүктеме артылған, компания жыл сайын өңірдегі кәсіпорындарды ғана емес, отандық тауар өндірушілерді де жұмыспен қамтуға айрықша мән беретіні айтылған.

Компанияның операциялық және қаржылық нәтижелері туралы ақпарат ресми дереккөздерде (kase.kz, dfo.kz, компания сайтында жариялап отырады.

Естеріңізге саламыз, бұған дейін журналист Михаил Козачков телеграмм арнасында «Өзенмұнайгаз» компаниясының қаржылық шығындарына қатысты ақпарат жариялаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз