Ашық НҚА порталында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы ұйымдарының қызметін реттеу және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқылауға шығарылды.
Оған сәйкес, агенттік қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға немесе оны банкрот деп тануға әкеп соққан адамдарды қайта басшы лауазымына орналастыруда оларға жауапкершілікті күшейту қажет екеніне баса мән береді.
» Қазіргі уақытта Қазақстан нарығында екінші деңгейдегі 21 банк жұмыс істейді. Бұл ретте 9 банк бойынша тарату процесі жүріп жатыр. 2022 жылдың басынан бастап Агенттік екінші деңгейдегі банктің басшы қызметкері лауазымына 13 кандидатты келісуден бас тартты», делінген құжатта.
Сондай-ақ, бағалы қағаздар нарығында 49 субъект жұмыс істейді, бұл ретте 2022 жылдың басынан бастап Агенттік басшы қызметкер лауазымына 10 кандидатты келісуден бас тартты. Сақтандыру секторында 2022 жылдан бастап уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына 11 кандидатты келісуден бас тартты.
«Микрокредит беру секторында 252 микроқаржы ұйымының микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар, бұл ретте 2022 жылдың басынан бастап 17 компания лицензиясынан айырылды», делінген құжатта.
Дегенмен, заңнамада әрекеті не әрекетсіздігі қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға немесе оны банкрот деп тануға әкеп соққан тұлғаларды Агенттіктің есепке алу мүмкіндігі көзделмеген.
«Осыған байланысты өзге қаржы ұйымдарында олардың басшылық лауазымға орналасуына жол бермеу мақсатында осы адамдардың есебін жүргізу және бақылау жүргізу ұсынылады. Осылайша, уәкілетті орган жосықсыз адамдардың қаржы секторындағы лауазымдарға орналасуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдай алады», делінген құжатта.