Қостанай облысында 500 гектар жер шегірткеден зиян шекті
Фото: АШМ
Қостанай облысында зиянкестердің күрт көбеюінен 4,6 млн гектарды құрайтын егіс алқабының 500 гектары зардап шеккен. Бұл жайлы Қостанай облысына келген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.
АШМ басшысы зиянкестерінің шабуылы туралы хабар келіп түскен Қостанай және Қамысты аудандарында болды. Айматы зерттеу барысында 16 мың гектар жайылымдық жерде жәндіктердің таралуы тіркелген. Фитосанитарлық шаралар сол күні кешке басталған.
Министр химиялық өңдеу жүргізіліп жатқан егістіктерде болып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Қостанай ауданындағы «Луговое» шаруа қожалығының басшысы Василий Куцтың айтуынша, қорғаныс шаралары зиянкестердің ошақтары табылғаннан кейін бірден басталған.
«Біз егістіктен шегірткелерді байқадық. Дереу аумақтық инспекцияға хабар берілді. Мамандар бірден келіп, алқаптарды зерттеп, арнайы техниканы іске қосты. Шегіртке табынының шамамен 70% тоқтатылды. Аудан аумағында сақтандыру жұмыстары үшін дельтаплан орналастырылды, қажет болған жағдайда ол қайтадан іске қосылады. Бұл ретте зиянкестер ауыл шаруашылығы дақылдарына жеткен жоқ, егілген егін жәндіктен зардап шеккен жоқ», деді Василий Куц.
Ербол Қарашөкеев табын шегірткелеріне қарсы шаралар дер кезінде жүзеге асырылып, нәтижежесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануы болмағанын айтты.
«Шегірткенің таралу қаупі пайда болысымен барлық арнайы техниканы бірден іске қосамыз. Негативті сценарийге жол бермей, мұндай жағдайда жедел әрекет етеміз», деді министр.
Қостанай облысының аумағында өңдеуді қажет ететін 397 мың гектар жер болса, оның 356 мың гектары өңделген. Сонымен бірге италиялық прусқа қарсы фитосанитариялық іс-шаралар 298,4 мың гектарда жүргізілген. Ал азиялық шегірткеге қарсы 9,7 мың гектар жер өңделген. Бұл жоспарланған алаңдардың 27,5% құрайды. Сондай-ақ, 28 мың гектар жер италиялық шегірткеге қарсы өңделген.
Зиянкестермен күреске 31 арнайы техника жұмылдырылған. Атап айтқанда, 9 желдеткіш бүріккіш, 13 аэрозольді газ генераторы, 6 жеңіл авиациялық кеме және 3 жеңіл ұшақ өңдеу шараларына қатысып жатыр.
Сонымен қатар, биыл Қостанай облысының аумағында табындық емес шегіртке зиянкестерінің таралуы болжанып отыр. Бұл зиянкестермен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз күшімен күреседі. Өйткені 2019 жылдан бастап жергілікті бюджеттен фитосанитариялық іс-шараларды өткізуге қаражат бөлінбейді.
Бір күн бұрын Абай облысында зиянкестердің шамалы таралуы тіркелді, ол қорғау іс-шараларын уақтылы жүргізудің арқасында толығымен тоқтатылды. Атап айтқанда, Шаған ауылында 120 гектар жайылым өңделді, ауыл шаруашылығы дақылдары зиянкестерден зардап шеккен жоқ.
Биыл ел аумағында 1,5 млн гектар жерге шегіртке таралуы мүмкін екенін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциясы хабарлаған болатын. Жалпы Республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 млрд теңге бөлінген.
Ал 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 млрд теңге бөлінген.