Ресейлік Polymetal Қазақстандағы «Бақсы» кен орнының 75% үлесін сатып алды
Ресейдегі ең ірі күміс және алтын өндіруші кәсіпорын Polymetal International plc компаниясы жоба серіктестерінің бірінің үлесін сатып алу опционын жүзеге асыру арқылы «Бақсы» кен орнындағы (Қазақстан) үлесін 75%-ға дейін ұлғайтты, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Опционды ұйымдастыруға дейін Polymetal қазақстандық жобаның 7,5% акциясына ғана ие болған. Қалған 25% «Қазгеология» АҚ мемлекеттік компаниясына тиесілі.
«Бақсы» кен орны мыс және алтын активтерін дамыту және Қазақстандағы қатысуымызды кеңейту жөніндегі біздің мақсаттарымызға сәйкес келеді. Біз активте белсенді барлауды жалғастыруды, минералды ресурстарды JORC стандарты бойынша бағалауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 2024 жылы өндірісті бастау туралы шешімді күтеміз», – деп түсіндірді Polymetal International plc бас директоры Виталий Несис.
Еске сала кетсек, компания 2019 жылы «Бақсы» жобасында 7,5% жанама үлеске ие болды, сол тұста геологиялық барлау жұмыстарын несие беріп, қаржыландыру арқылы келешекте үлесін 75%-ға дейін ұлғайту мүмкіндігін алды.
Учаскенің жалпы лицензиялық алаңы 776 шаршы шақырымды құрайды, ол Солтүстік Қазақстан облысында, компания меншігіндегі Варварин торапынан 300 шақырым жерде орналасқан.
Компанияның флагмандық жобасы – «Қызыл» да Қазақстандағы өндіріске негізделген.
Айта кететіні, Polymetal Ресейдегі ең ірі күміс өндіруші және жетекші алтын өндіруші кәсіпорындардың бірі. Холдингтің кәсіпорындары Магадан және Свердлов облыстарында, Хабаровск өлкесінде, Якутияда, Чукоткада және Қазақстанда орналасқан. Ең ірі акционер –Александр Несистің «ИСТ» тобы мен серіктестері (шамамен 24%).
Бұған дейін компания басшылығы Ла-Манш бұғазындағы Джерси оффшорлық аралынан Астана халықаралық қаржы орталығына көшетінін хабарлаған. «Astana Finance Days» конференциясында Polymetal International PLC компаниясының Инвесторлармен байланыс жөніндегі директоры Евгений Монахов компания Қазақстанға шілденің ортасына қарай толық көшіп болатынын мәлімдеген. Кейін көшу уақыты шілденің соңына дейін шегерілді.
Сонымен бірге 2023 жылдың көктемінде Ресей Федерациясындағы Polymetal акционерлік қоғамы санкция тізіміне енгізілген. Бұл ретте кәсіпорын басшылығы компанияның Қазақстандағы активтері санкцияға ұшырамайтынын мәлімдеген еді.