Жаңалықтар

Ұлттық банк Қазақстанда цифрлық қаржы активтерін дамыту жолдарын қарастыруда

Фото: архив kursiv.media

Бұл туралы Ұлттық Банкте Ғалымжан Пірматовтың басшылығымен өткен Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің кезекті отырысында сөз болды.

Кеңес отырысы барысында криптоактивтер мен орталықтандырылмаған қаржыны (DeFi) реттеудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу мәселесі қаралды. Сондай-ақ, криптофиат экожүйесінің даму перспективаларына байланысты қазіргі сын-қатерлер мен тәуекелдер және олардың қаржылық тұрақтылыққа әсері талқыланды.

Кеңес мүшелері цифрлық қаржы активтерін дамыту мақсатында, оның ішінде нарыққа қатысушылардың бастамаларын сынақтан өткізу үшін реттеуші құмсалғыштың әлеуетін пайдалана отырып, теңгерімді реттеуші жағдайлар жасау қажеттігін қолдады.

Кеңес аясында 2022 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есептің (бұдан әрі – Есеп) алдын ала қорытындылары да мақұлданды. Бұл құжатта тәуекелдерді бағалау, сыртқы және макроэкономикалық жағдайларды талдау нәтижелері, оның ішінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріндегі құрылымдық өзгерістер мен жүйелік факторлар көрсетілген. Есептің толық нұсқасы бекітілгеннен кейін Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-сайтында орналастырылады.

Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес жұмысына Қазақстан Ұлттық Банкінің, ҚР Президенті Әкімшілігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшылары қатысты.