Фото: kursiv.media
Ұлттық қордан Республикалық бюджетке жыл сайын 2 млрд теңге сомасында кепілдендірілген трансферт мөлшері бектілді. Құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы енгізілді.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мынадай мөлшерлері бекітілсін: 2024 жыл – 2 000 000 000 теңге; 2025 жыл – 2 000 000 000 теңге; 2026 жыл – 2 000 000 000 теңге», делінген құжатта.
2-ші бапта Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдер бойынша мұнайдың 2024 – 2026 жылдарға арналған кесімді бағасының мөлшері белгіленген. Оған сәйкес мұнай бағасы 2024 жылға – бір баррель үшін 43,4 АҚШ долларын құрайды. Ал 2025 жылға – бір баррель үшін 40,2 АҚШ доллары, 2026 жылға – бір баррель үшін 41,8 АҚШ доллары көлемінде бекітілген.
Кесімді баға кезінде мұнай секторы ұйымдарынан Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдер 2024 жылы 2 246,7 млрд теңге, 2025 жылы 2 257,7 млрд теңге, 2026 жылы
2 257,2 млрд теңге мөлшерінде болжанады.
Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды.
Заң қолданысқа 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
Сәйкесінше, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023 – 2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» 2022 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылады.
Маусымда Ұлттық қордан бюджетке 550 млн доллар трансферт бөлінді, теңге 1%-ға құнсызданды.