70 отандық компания Alibaba халықаралық сауда платформасына қосылады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

70 отандық компания Alibaba.com халықаралық сауда платформасына қосылады. Бұл жайлы QazTrade компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша компания Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Alibaba.com халықаралық сауда платформасын іске қосу бағдарламасына қатысу үшін қазақстандық кәсіпорындар арасында іріктеудің екінші кезеңін жариялаған.

Іріктеу 10 шілдеде басталып, 23 шілдеге дейін жалғасады. Жалпы осы жылы халықаралық нарыққа 70 отандық компанияны шығару жоспарланып отыр. Бірінші кезең аясында 2023 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін 44 ұйым іріктелген. Олардың барлығы бір жыл мерзімге Alibaba платформасында «Алтын жеткізуші» мәртебесін алған.

«Бұл премиум мәртебе қазақстандық компаниялардың жаһандық аудиторияға шығуына мүмкіндік беріп, олардың халықаралық сауда алаңында танылуына жол ашады. Жыл бойы кәсіпкерлер танымал сауда платформасы арқылы өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығару жолдарын үйреніп, арнайы тегін сабақ беріледі. Сонымен қатар, оларға экспорт процесінде толыққанды қызмет пен қолдау көрсетіледі. Премиум шоттарды төлеумен қатар, кәсіпкерлерге тексеру процедурасынан өтуге және сауда алаңында шағын сайттар құруда көмек пен консультациялық қолдау көрсетіледі», дейді «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева.

Компания өкілінің айтуынша, бұл бағдарламаға өндірушілер де, сауда компаниялары да қатыса алады. Іріктеудің бірінші кезеңі бойынша өңдеуші сектор өкілдерінен, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін, дайын азық-түлік өнімдерін, машиналар мен жабдықтарды, көлік құралдарын, аспаптар мен аппараттарды, сондай-ақ химия өнімдерін өндірушілерден 100-ден астам электронды өтінім келіп түскен.

Бүгінгі таңда бизнестің барлық сегменттері халықаралық B2B сауда алаңында ұсынылған. Сұраныстағы тауарлардың ішінде жетекші орындарды «Азық-түлік, сусындар» және «Ауыл шаруашылығы» санатындағы өнімдер екен.

Қазақстандық азық-түлік өнімдері бұл платформада қолжетімді бағамен жоғары сапалы органикалық өнім ретінде танымал. Мысалы, 2020 жылдан бастап отандық бал Alibaba нарығының халықаралық серіктестерінің ең көп сұранысына ие болған.

«Жыл сайын біздің өнімдер Шанхайда өтетін ірі Дүниежүзілік импорт көрмесіне қойылады. Қытай нарығында қазақстандық кондитерлік өнімдер, тәттілер, шоколад, макарон өнімдері, күнбағыс майы және басқалары да өте танымал», дейді QazTrade өкілі.

Қазір Alibaba сауда алаңында 5 мың қазақстандық тауар орналастырылған. Отандық компаниялардың B2B нарығы арқылы 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі сауда көлемі 300 миллион доллардан асқан.

сонымен қатар отандық өнімдер қытайлық JD.com нарығына да шыққан. Онда 25 қазақстандық брендтің өнімдері ұсынылған. Ал мамыр айында отандық кәсіпкерлер ұсынған тауарлардың пилоттық партиясы рекордтық мерзімде сатылып кеткен.

JD.com-дағы ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. «Баян Сұлу», «FUGA BOYAKA» және «Trapeza» қазақстандық кондитерлік компаниялардың, сонымен бірге сусындар мен шырындар өндіруші RG Brands компаниясының «Piala», «ASU», «Solnechny», «DaDa», «Gracio», «Moe» сынды компаниялардың өнімдері сатылады.

2022 жылдың маусымында Сауда және интеграция министрлігі. Alibaba.com. халықаралық электронды платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылғанын хабарлаған.

Ал 2023 жылы Қазақстанда өндірілетін тауарлар бағытталатын нарық айтарлықтай кеңейе түсті. Биыл қазақстандық тауарлар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжаннан бөлек Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам елдеріне экспортталады. 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттің қолдауымен 200 компания Alibaba.com платформасына шыққан. Оның ішінде 130 отандық компания «Gold Supplier» мәртебесінде 7500-ден астам өнім түрлерін сатқан.

Сондай-ақ оқыңыз