Фото: kursiv.media
Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің лауазымды тұлғалары бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Осыған байланысты Қаржы мониторингі агенттігінің елордалық департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
«Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында ақша жымқыру шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іс-сапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған. Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түріндегі қаражатты КММ басшылығы алып отырған», делінген баспасөз хабарламасында.
Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 млн теңгені құраған.
Сонымен бірге, КММ басшысы оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталған.
«ҚММ бастығына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Осыған дейін Қаржылық мониторингі агенттігі дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысының ұрлануының алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп, осы жылдың 6 айында 269,3 млн теңге залалы бар 21 істі анықтаған.