Президент Үкіметке Сәтбаев каналынан Астанаға дейін су құбырын тартуды тапсырды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, жиын барысында ауыз сумен қамту қаланың ең үлкен проблемасы болып отырғанын айтып, құзырлы органдарға бұл мәселені дереу шешуді тапсырды.

«Бүгін біз Елорданы дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Биыл бас қаламыздың құрылғанына 25 жыл толды. Астана ширек ғасыр ішінде заманауи ірі қалаға айналды. Көп жұмыс атқарылды. Жетістіктеріміз аз емес. Елорда күн санап ұлғайып келе жатыр. Тұрғындар саны айтарлықтай көбейді. Алдағы жылдары қала халқының саны 1,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Бірақ, қаланың бас жоспарында бұл жағдай толық ескерілмеген», деді президент.

Президент Астананың көптеген салада, соның ішінде азаматтардың өмір сүру сапасы бойынша басқа қалаларға үлгі көрсетуі тиіс екенін атап өтті. Қаланың тұрақты дамуына кедергі болып жатқан түйткілдерді шешу үшін мемлекеттік органдарды тиянақты жұмыс істеуге шақырды. Бірінші кезекте Астананы сумен қамтудың маңызына тоқталды.

Сонымен бірге су қоймасының лайланып, ластану мәселесін көтеріп, қойманың түбін тазалап, оны тереңдетуді тапсырды. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайтуды да күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі екенін айтып, қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіруді бұйырды. Сонымен қатар Экология министрлігі өзіне тапсырылған міндетті атқармағанын да ашық сынады.

«Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс. Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайды. Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алуға тиіс. Сонымен бірге, Үкімет әкімдікпен бірге сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қазірден бастап қарастыруы керек» деп тапсырды Тоқаев.

Сонымен бірге – қалдық суды тазартатын кәріз жолдары ретке келтірілмегенін айтып, осы сала бойынша қала инфрақұрылымын ретке келтіріп, жауын-шашында ағынды сулардан қаланың зардап шекпеуі үшін тиісті шаралар атқаруды тапсырды.

Маусым айының басында Астанада су тапшылығы қатты сезіле бастады. Премьер-министрдің орынбасары, Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгінов «су болатынын» айтты.

Бұл мәселеге Тоқаев та ерекше назар аударып, «әкімге қысқа мерзімде тек сумен қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен қатар қаланың маңызды басқа да жүйелерінде дағдарыс жағдайын түбегейлі болдырмау үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдауды» тапсырды. 

Сондай-ақ оқыңыз