Биыл балық шаруашылығы инспекцияларын жабдықтауға 1,9 млрд теңге қаражат бөлінген

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Осы жылдың 1-ші наурызынан бері Жайық-Каспий бассейнінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар балық түрлеріне заңсыз браконьерлік фактілер бойынша 36 қылмыстық іс қозғалған. Бұл жайлы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жылдың 1 наурызында Экология министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында браконьерлікке қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеген.

Ал 27 наурызда бекіре және басқа да балық түрлерін қорғау, сондай-ақ олардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында «Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылған. Сол акция нәтижесінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп табиғат қорғау заңнамасының 972 бұзушылығын анықтап, жолын кескен. Соған байланысты 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар балық түрлеріне заңсыз браконьерлік фактілер бойынша 36 қылмыстық іс қозғалып, заң бұзушыларға 15,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жүргізілген іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 68 тонна 300 кг балық, оның ішінде 1001 кг бекіре, 29,5 кг бекіре балығының уылдырығы, 295 бірлік балық аулау құралдары, 76 бірлік су көлігі және 13 автокөлік тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті тексеру нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 74 км-ден асатын 743 бірлік заңсыз балық аулау құралдары алынды», дейді ҚР ЭТРМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов.

Акция барысында Атырау облысының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен Исатай, Жылыой және Құрманғазы аудандары, Дамба бағыты, сондай-ақ «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының су айдындары сияқты ең криминогенді учаскелер пысықталған.

Комитет өкілі облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларын материалдық-техникалық жарақтандыруды одан әрі нығайтуға 2023 жылы республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінгенін айтты. Ол қаражатқа жылдың соңына дейін жүзу құралдарын, қайық моторларын, нысанды киім-кешектерді, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды тіркеуге және ресімдеуге арналған арнайы жабдықтарды сатып алу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз