Экономика министрлігі АИИБ-мен бірлесіп жасыл экономикаға бағытталған жобаларды жүзеге асырады
Фото: ҚР ҰЭМ
ҚР ҰЭМ және Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асырады. Бұл жайлы Экономика министрі Әлібек Қуантыровтың Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің вице-президенті Людгер Шукнехтпен кездесу барысында айтылды.
Екі жақты кездесуде, өзара ынтымақтастық пен стратегиялық жобалар талқыланды. Тараптар энергетика, жасыл экономика, көлік және инфрақұрылым, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері жайлы пікір алмасты.
Министр 2023 жылғы 2 ақпанда қабылданған Қазақстан Республикасы 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына тоқталып, бұл құжаттың экономиканың негізгі секторларын қамтып, парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін қажетті негізгі элементтерді, энергия тиімділігін арттыру шараларын және жаңартылатын энергия көздерін дамытуды анықтайтынын атап өтті.
«Сіздерге Қазақстан бойынша орта мерзімді кезеңге арналған Елдік әріптестік стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл құжат еліміздегі АИИБ қызметінің өзіндік жол картасы болады», деді Әлібек Қуантыров.
Өз кезегінде, АИИБ вице-президенті Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларды, қаржы нарығын және жаңартылатын энергияны дамыту перспективаларын оң бағалап, ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.