Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу ісі: 5 адамға сот үкімі шықты
Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алмақ болғандарға сот үкімі шықты.
Істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Мартпек Кәкімжанов қарады.
Сот үкіміне сәйкес, журналист Айгерім Тілеужанова 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырыды деп танылды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
К.Нұрпейісов ғимаратқа шабуыл жасады деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев пен Жанайдар Карменов әуежайға шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, сот процесі 2023 жылдың 30 наурызында басталды. Іс қылмыстық кодекстің 272-бабы («жаппай тәртіпсіздік»), 269-бабы («ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу») бойынша қаралды.
Сотталушылар тағылған айыпты мойындамайды. Айгерім Тілеужан бұл істің саяси астары бар деп атады. Сонымен қатар, өзімен бірге айыпталушылармен, тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген Қалас Нұрпейісовпен де тергеу барысында танысқанын мәлімдеді.
Бұған дейін, мемлекеттік айыптаушы Айгерім Тілеужанға қауіпсіздігі орташа мекемеде 5 жыл жазасын өтеуді сұраған болатын. Ал, өзге 4 айыпталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыру керек деп мәлімдеген еді.
Іс бойынша мемлекеттік айыпталушының дерегінше, Алматы әуежайында аса ірі көлемде 313 млн теңгеге залал келген, Air Astana – 5 млн теңге, SCAT – 1 млн теңге, ал кәсіпкерлік субъектілері – 414 млн теңге зардап шеккен.
Еске сала кетейік, 19 мамыр күні Қаңтар оқиғасына қатысты 24 адамға сот үкімі шыққан болатын.
4 шілде күні, Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Жансейіт Түймебаевтың ұлының өліміне қатысты әскери қызметкерге үкім шығып, оған 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жалпы, Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 11 қызметкері сотқа тартылды. Бұл туралы Мәжіліс отырысында ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев мәлімдеген.
Сонымен бірге Қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздігі үшін бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды.