Қатты пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты салынатын салық көлемі өсті

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 746-бабының 1-тармағына енген түзетулерге сәйкес қатты пайдалы қазбаларға қатысты салық ставкалары ұлғайтылды. Бұл жайлы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, биржалық металдар бойынша салық 50%-ға артқан. Олар – алтын, күміс, алюминий, мыс, мырыш, уран. Ал биржадан тыс жекелеген металдар бойынша яғни, темір, темір рудасы, хром және хром рудасы, марганец және темір-марганец рудасы, платина, ванадий, висмут, мышьяк, вольфрам, палладий, қалайы, никель, титан, магний, кобальт, сурьма қазбалары бойынша 30%-ға өсті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қантардағы тау-кен секторының жаңа кен орындарын барлау және игеру үшін қосымша жеңілдіктерді пысықтау қажеттігі туралы тапсырмасын орындау шеңберінде Салық кодексінің 746-бабының 3-тармағында көзделген шарттарды бір мезгілде сақтай отырып, өнеркәсіптік өндіру басталған сәттен бастап алпыс ай ішінде пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша 0 пайыз мөлшерлемесі қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, кен қазумен айналыстаны кәсіпкерлерге жаңа кен орнын игеруде 5 жыл жеңілдік беріледі.

«Егер тау-кен секторының кен орны бойынша рентабельділік деңгейі 5 пайыз және одан аз болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес келген кезде, 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Салық кодексінде белгіленген пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкаларын қолдану құқығы берілді», делінген хабарламада.

4 шілде күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президенттің тапсырмасымен «minerals.gov.kz»электронды платформасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында жер қойнауын пайдаланушылар жеке кабинет ашып, пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге өтініш бере алады, сондай-ақ мемлекеттік органдардан түрлі хабарламалар алып отырады.

Сондай-ақ оқыңыз