Қазақстандықтарға кәсіпкер атану үшін қандай мүмкіндік ұсынылып жатыр?

Жарияланды
Жеңілдетілген микрокредит алуға 4,2 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Фото: kursiv.media

Елімізде экономикалық белсенді халық саны 9 миллионға жуықтаса, соның 6,8 миллионы – жалдамалы қызметкерлер, ал 2,1 миллионы – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жеке кәсіпкер, құрылтайшы, АҚ қатысушылары, түрлі жеке серіктестік, тәуелсіз жұмысшылар, өндірістік кооператив мүшелері, жеке практикамен айналысатын адамдар соңғы категорияға енеді. 2023 жылдың басындағы мәлімет бойынша, тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 652 564 болыпты.

Бізде кәсіпкерлерге арналған сан алуан бағдарлама, түрлі гранттар мен жобалар бар. Бірақ кәсіпкерлік өрістеп кетті деуге келмейді. Әзірге отандық шағын және орта бизнес алыпсатарлық деңгейден аса қойған жоқ. Өндіріс үлесі кемшін. Соған қарамастан отандастарымызда үлкен ұмтылыс бар.

Биыл жыл басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 316 грант берілген. Жыл соңына дейін ұсынылатын грант саны 9 000-ға жеткізілмек.

Бірінші және екінші лек бойынша гранттар алуға өтінімдер осы жылғы наурыз және мамыр айларында бекітілген кестеге сәйкес қабылданды. Осылайша, өткен екі лек шеңберінде үміткерлерден барлығы 51,2 мың, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 30,1 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 8,7 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 6,1 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 2,7 мың өтініш қабылданды. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған 2,01 мың адам, 160 қандас және 506 қоныс аударушы өтініш беріпті.

Өтінімдердің ең көп саны Түркістан (11,6 мың) және Жамбыл (5,5 мың) облыстарының және Шымкент қаласының (6 мың), ең аз саны Ұлытау (365) және Ақмола (611) облыстарының үміткерлерінен келіп түскен.

Айта кетейік, мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып есептелетін қайтарымсыз берілетін бастапқы капитал. Грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін (1 380 000 теңге). Әрбір қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Ал көпшілік тарапынан жеңілдетілген микрокредит (2,5%-бен берілетін жеңілдетілген микрокредит) алуға 4,2 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Биыл барлығы 5 796 микрокредит беру жоспарлануда.

Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға дейін (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды. Микрокредитке өтініш беру бойынша Түркістан (595), Жамбыл (512), Қызылорда (313), Жетісу (311), Батыс Қазақстан (278) және Алматы (253) облыстарының белсенділігі өте жоғары.

Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі. Қазірге дейін 2 189 жоба мақұлданып, 1 228 жобаны іске асыру үшін кредит беріліпті.

Кепілмен қамтамасыз етудің болуы – міндетті шарт. Ол ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.

Сонымен қатар 397,5 мың адам Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға (2021 – 2025 жылдарға арналған) қатысып, 264,2 мың адам жұмысқа орналасты, оның 124,3 мыңы тұрақты жұмыс тапқан.

96,1 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курстарға қатысып, 72,2 мың адам тиісті сертификаттарын қолына алған.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 139,9 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен – 15,1 мың адам, жастар практикасымен – 9,1 мың адам, қоғамдық жұмыстармен – 99,2 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында – 4,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында – 151 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 11,8 мың адам жұмыспен қамтылыпты.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 28,1 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 25,5 мыңы оқуды аяқтады.

Сондай-ақ оқыңыз