Жаңалықтар

Қостанайда есірткі саудасына қатысы бар полиция басшылары неге жауапқа тартылмады?

Фото: kursiv.media

Есірткі тасымалына қатысы бар деп күдіктелген Қостанай облысының полиция басшылығы жауапкершілікке тартылмады, деп хабарлайды Тobolinfo.

«Есірткінің заңсыз айналымына байланысты Қостанай облысының полицейлері тағы да бүкіл республиканы дүр сілкіндірді. Мұндай қылмысты тоқтатуы тиіс адамдар бұл іспен өздері айналысып, есірткіні өздері сатқан. Бизнес жақсы жолға қойылғаны сонша, олар тіпті тапа-тал түсте есірткі саудаымен айналысуға қорықпаған», деп хабарлайды басылым.

Полиция департаменті осыған қатысты басылымға түсініктеме берген. Сол ақапартқа сәйкес, бұл іске полицей А.Әмзеден басқа тағы екі қызметкердің қатысы бар болып шықты.

«Қостанай облыстық полиция департаменті қызметкері А.М.Амзенің қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу ісін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті жүргізіп жатыр», деп жауап берген департаменттің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, осы іске байланысты Қостанай облысы бойынша полиция департаменті басшысының орынбасары А.Қ.Ынтықбаевтың ІІД-нен кету туралы рапорт жазғаны, ал К.А.Дюсебаевтың Кадр саясаты басқармасының бастығы қызметінен босату туралы хаттама толтырғаны хабарланған. Одан бөлек бірнеше лауазымды басшылар да, жауапқа тартылмай, тпек қызметтерінен босағаны хабарланады.

«Анықталғандай, қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы А.К.Әлмағамбетов, облыстық полиция департаменті Есірткіге қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары А.Ж.Қартбаев, Қостанай полициясы басқармасының бастығы М.Н.Базарбаев, Қостанай қалалық ІІБ бастығының орынбасары Б.А.Шубаев, Қостанай полиция басқармасының бастығы А.А.Атығаев лауазымдарынан босатылды», делінген хабарламада.

Басылым мұндай ірі істе төменгі шенді полицейлердің ғана жауапқа тартылуын жасанды іс деп бағалайды. Ал жауапқа тартылмай, жәй ғана жұмысынан босатылған басшылардың алдағы уақытта жаңа қызметке тағайындалатынына сенімді.

Естеріңізге сала кетсек, шілде айының басында Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бұл шараға бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлінеді.

Сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-на төрағалық еткен тұсында есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұруды негізгі бағыттардың бірі деп атады. Осы орайда Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынды.