Жаңалықтар

Тоқаев Астана әкіміне қала ахуалын жақсарту үшін бір жыл уақыт берді

Фото: Ақорда

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте мәлімдеді.

Оның айтуынша, Астана елдің бас қаласы деген атауға лайық болуы тиіс.

«Астана көркейсе, бүкіл еліміздің еңсесі биік болады. Астана Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі өзгерістерге ұйытқы болуы керек. Жалпы, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі ұдайы назарда болуға тиіс», деді Президент.

Дегенмен, қаланың дамуы, негізінен, шаһар басшылығының қолында екенін атап өтті.

«Әкімге қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің бақылауымда болады. Барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бірақ жұмыстың негізгі өзегі – сіздің қолыңызда. Табыс тілеймін», деді Тоқаев.

Оның айтуынша елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары инфрақұрылымның тапшылығына алып келгеніне баса назар аударды.

«Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс», деді Президент

Президенттің дерегінше, қалада қыста жылу тапшылығына шағымданғандар болды. Ал, билік өкілдері қаланы лайықты жылумен қамтуға тиісті кәсіпорындар дайын болмаса да миллондаған шаршы метр тұрғын үйдің салынуына ықпал етіп отыр.

Осы орайда, Президент қаладағы коммуналды қызметтерді басқаратын жандардың кәсібилігіне де күмән келтірді.

«Жеңіс Махмұдұлы, жыл басында сізге қаладағы коммуналды кәсіпорындардың басшылық құрамына талдау жасау тапсырылған болатын. Менің түсінгенімдей, бұл тапсырма әлі де орындалу сатысында секілді. Астанада ЖЭО-ны заңгер, АЭК-ді бағалаушы, теплотранзитті – агроном, қалалық суарнасын – зоотехник басқарады. Әр адам өзінің кәсіби ісімен шұғылдануы керек екеніне сенімім мол. Олай болмаған жағдайда, оның нәтижесі де сол деңгейде төмен болады», деді Президент.