Сәрсенбі күні Үкімет отырысында Әлихан Смайылов коммуналдық қызмет саласында тарифтерді өсіру – қажеттілік екенін мәлімдеді. Айтуынша, биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-тен 30%-ке дейін өседі.
«Бұл – барынша ұстамды тариф. Онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту мүмкін емес. Тариф мәселесінде біз барлық жақтың да мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруміз керек», деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министрдің айтуынша, барлық инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет. Себебі, олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді.
«Сондықтан, тіршілікке қажетті жүйелерді тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты ұсынылды. Бұл тәсіл энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының алдында баяндама жасаған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Дүниежүзілік Банктің гранттық көмегі аясында KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы станцияларға техникалық аудит жүргізгенін мәлім етті. Айтуынша, тексеру 57 станцияда, оның ішінде 37 ЖЭО-да жүргізілген.
«Техникалық жағдайды бағалау нәтижелері бойынша энергетикалық қазандықтардың 62% – ының, турбиналардың 58% – ының парктік ресурстары аяқталып, ауыстыруды қажет ететіндігі анықталды. Ауыстыруға қажетті қуат көлемі – 2,5 мың МВт», деді Энергетика министрі.
Оның дерегінше, тек ЖЭО-ына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 182 млрд. теңге қажет.
«Бұл ретте бекітілген тарифтерді ескере отырып, жылу электр орталықтарын жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеу жүргізуге қажетті шығыстарын өтемейді. Жеткіліксіз қаржыландыру сомасы 88 млрд. теңгені құрайды. Бұл есептеу күрделі, кеңейтілген-ағымдағы жөндеулерді толыққанды орындау үшін қажетті қаржыландыру көлемі бөлігінде бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді», деді Алмасадам Сәтқалиев .
Ал, Үкімет басшысының с өзінше, «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізетін болсақ, тарифті өсіруден түсетін пайда біреудің қалтасына кетпей, тікелей өндірісті жаңғыртуға жұмсалатынына сенімділік болады.
«Жаңа тарифтік саясат ашықтық, есептілік және жариялылық принциптеріне негізделетін болады», деді Әлихан Смайылов.
Сөйте тұра, Үкімет басшысы, министрлер кабинетінің алдында тұрған міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу екенін айтты. Айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 6 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6%-ке дейін төмендеді.
«Дегенмен, осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету керек. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет», деді Премьер-министр.