«Әскери құрылыс» АҚ басшылығы бюджеттен 596 млн теңге жымқырған
Фото: kursiv.media
«Әскери құрылыс» АҚ басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
«Әскери құрылыс» АҚ бұрынғы президенті Е.Тәжиденовтың және басқалардың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», делінген хабарламада.
Жауапқа тартылған адамдардың ішінде Тәжиденовтың туған ағасы мен жиені, сондай-ақ «Әскери құрылыс» ЖШС мен оның Астана қаласы бойынша филиалының қаржылық және корпоративтік қызметіне жауапты адамдар бар.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл азаматтар тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, өтеусіз қаржылық көмек көрсетуге үлестес компаниялармен жалған шарттар жасасу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді.
«Залалдың жалпы сомасы 596 млн теңгені құрады. Шығынды өтеу мақсатында қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта айыпталушылар сотқа берілді», деп хабарлайды агенттіктің баспасөз орталығы.