Деструктивті діни ағым өкілдерінен тұратын екі қылмыстық топтың мүшелері ұсталды – ҰҚК
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы, Орал және Ақсай қалаларында деструктивті діни ағым өкілдерінен құралған екі қылмыстық топтың мүшелері құрықталғанын хабарлады.
4 шілдеде Ішкі істер министрлігі және Батыс Қазақстан облысының Прокуратурасымен бірлесе жүргізілген арнайы операция барысында бопсалау, бұзақылық және тонау күдігімен қылмыстық топтың 20 қатысушысы ұсталған.
«Бірқатар тінту шаралары өткізіліп, нәтижесінде атыс және суық қарулар, сондай-ақ есірткі заттары тәркіленді. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілердің бас пайдалары үшін бейбіт азаматтарды қорқытқандары белгілі болды. Өз кезегінде жапа шеккендер физикалық зорлық-зомбылықтан қауіптеніп, ішкі істер органдарына жүгінбеген», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, аталған топтар бұрын сотталғандардан құралған.
«Қылмыстық топ мүшелері бір бірімен текетіресте болған және белгілі бір аймақтарда өз ықпалын жүргізу үшін қару қолдана отырып қақтығысқа барған. Іске асырылған шаралар өңірдегі қылмыстық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді деп күтілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда»делінген хабарламада.