Елімізде коммуналдық желілердің 50%-ы тозған: Үкіметте жағдай күрделі аймақтар аталды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында жылу желілері айтарлықтай тозған өңірлерді атады.
Айтуынша, қазір Қазақстанда шамамен 128 мың шақырымдай жылу және сумен жабдықтау, сондай-ақ су бұру желілері бар. Ал, Республика аумағында желілердің тозу көрсеткіші – 51%. 2030 жылға қарай коммуналды желілердің жалпы тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
«Бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін мақсатты индикаторлар белгіленіп, өңірлерге жеткізілді. Қазір коммуналды желілердің айтарлықтай тозуы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында байқалып отыр. 2023 жылы 126 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінді. 3 айда 23 шақырымдай жерге жылумен жабдықтау желілері тартылды», деді Марат Кәрімжанұлы.
Оның сөзінше, 2024 жылғы республикалық бюджеттен жалпы сомасы 63,8 млрд теңгеге 87 шақырым жылумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға қатысты 14 өңірден өтінімдер келіп түскен.
«Сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне келсек, алғашқысына сәйкес 7 өңірде тозу мөлшері жоғары екенін байқалған. Суды бұруға байланысты мұндай көрсеткіш 6 өңірде сақталып отыр. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салып, жаңғыртуға биыл республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді», деді ИИДМ басшысы.
Қазір жылу беру маусымына дайындық аясында 57 жоба іске асырылып жатыр.
Ал, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов биыл шамамен 6 мың км инженерлік желілер жөнделетін болады деп мәлімдеді.
«Бұл – бірінші кезекте жаңартуды қажет ететін, әбден тозығы жеткен инфрақұрылым объектілері. 25 мың км-ден астам қараусыз жатқан коммуналдық желілер монополистерге берілетін болады. Олар осы желілерді ретке келтіруі керек», деді Әлихан Смайылов.