Fitch ratings агенттігі 2023 жылы әлемдік ЖІӨ-нің өсу болжамын 2%-дан 2,4%-ға дейін көтерді
Фото: kursiv.media
Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 279 млрд теңге аударылған. Бұл жайлы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.
«Маусым айының соңында Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі алдын ала деректерге сәйкес, өткен айда шамамен 600 млн АҚШ долларына ұлғайып, 59,8 млрд АҚШ долларын құрады. Әлемнің жетекші экономикалары орталық банктерінің риторикасы әлі де қатаң болып қалып отыр. Алайда дамыған елдердегі экономикалық белсенділіктің әлсіреуінің күтілгеніне қарамастан, макроэкономикалық көрсеткіштер орнықты болып қала береді және нарыққа қатысушылардың болжамдарынан асып түседі. Осының нәтижесінде маусымда акциялар нарығында өсу байқалды. Мәселен, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі маусым айында шамамен 850 млн АҚШ долларын құрады. Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 279 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 550 млн АҚШ доллары көлеміндегі шетел валютасы біркелкі сатылды», дейді Әлия Молдабекова.
Маусым айында сыртқы нарықтардың динамикасына әсер еткен негізгі оқиғаларға қатысты банк өкілі жағдайдың құбылмалы болғанын айтты. Әлемдік валюта нарығында АҚШ долларының теріс динамикасы байқалса, дамушы елдердің валюталары әртүрлі бағыттағы динамиканы көрсеткен. Атап айтқанда осы айдың қорытындысы бойынша DXY долларының жаһандық индексі 1,4%-ға әлсіреді, ал дамушы нарықтар валюталарының индексі 1%-ға төмендеген.
«Осы жылдан бастап, Ұлттық Банк БЖЗҚ-ның активтерін портфельдік басқарушы ретінде валюталық операцияларды да жүзеге асыруда. Сәйкесінше, валютаны сатып алудың нақты және жоспарланған көлемі туралы барлық ақпарат жария етіледі», дейді банк өкілі.
Ал Ұлттық Банктегі алтын-валюта резервтерінің динамикасы туралы айта келе, маман АҚШ ФРЖ-ның монетарлық саясаты алтын бағамына әдеттегідей қатты әсер ететінін айтты. Маусымдағы отырыстан кейін сарапшылардың көпшілігі шілде айында ФРЖ мөлшерлемесінің көтерілуін күтетіндіктен, алтынның бағасы өткен айда унциясы үшін 1959 доллардан 1904 долларға дейін төмендеген.
«Нәтижесінде, алдын ала деректер бойынша алтын-валюта резервтері 34,5 млрд АҚШ долларына дейін төмендегенін байқадық. «Алтын» бағаcын төмендетумен қатар, АВР динамикасына ЕДБ-нің Ұлттық Банктегі валюталық шоттарындағы қаражат көлемінің төмендеуі және мемлекеттік борышты төлеуі де әсер етті», дейді банк өкілі.
Fitch ratings агенттігі 2023 жылы әлемдік ЖІӨ-нің өсу болжамын 2%-дан 2,4%-ға дейін көтерді. Жағдайдың жақсаруын сарапшылар статистикалық деректер күткеннен әлдеқайда жақсы болған дамушы нарықтардан күтеді.