Гонконг биржасындағы қытайлық акциялар өсе бастады, Kase индекстері бір орында тұр
Freedom Broker Қазақстан қор биржасындағы (KASE) 12 шілдедегі жағдайға қатысты кезекті шолуын жария етті. S&P 500 индексі кеше 0,7 пайыз қосып, екінші күн қатарынан өсім көрсеткен. Мұнай бағасының көтерілуі есебінен энергетикалық сектор да тәп-тәуір өсіпті.
Сонымен қатар индустриалды сектор да өсім көрсеткішіне ие. Бұған Dow Jones индексінің 1 пайызға көтерілуі жеткілікті айғақ бола алады.
«Ойын компанияларының өсімін де айырықша атап өтуге болады. Бұл жетістікке олар Microsoft корпорациясы 69 млрд долларға Activision-ды жұтып алу мәмілесіне АҚШ соты келісім бергеннен кейін жетті. Қазіргі уақытта АҚШ-тағы инфляция бойынша деректер жарияланымы ең маңызды оқиға болып тұр. 22V Research өткізген сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 65 пайызы тұтынушылық бағалардың базалық индексі (тамақ өнімдерінің және энергия тасымалдаушылардың құбылмалы бағасын қоспайтын) консенсустан төмен болады деп санайды. Сонымен бірге, сұралған инвесторлардың 54 пайызы есеп «тәуекелге толы болады» деп күтеді», деп мәлімдейді Freedom.
Ал Bloomberg сауалнамасына қатысқан болжамшылар базалық инфляция өсімінің қарқыны жылдық мәнде медианды бағалауға сәйкес 5 пайызға дейін төмендейді деп күтеді екен. Одан әрі қарай осы жұмада JP Morgan, Citi және Wells Fargo банктерінің есептілік маусымы басталады. Еуропада Stoxx 600 индексі 200 күндік жылжымалы орташа көрсеткіштен көтерілді. Үкімет экономикалық көмектің ұлғайғаны туралы мәлімдегеннен кейін Гонконг биржасындағы қытайлық акциялар да 12 шілде күні өсе бастады. Оның үстіне Қытайдағы несиелік деректер маусымда жаңа несиелердің болжамдардан жоғары өскенін көрсетті.
«BlackRock нарықтың соңғы кездегі құлдырауын асыра көрсету деп бағалап, Азиядағы қытайлық акцияларға позитивті қарайтынын қайталады. Ресейден экспорттың төмендеу белгілеріне байланысты мұнай бағасы көтерілуді жалғастырды», деп түсіндіреді брокерлер.
Корпоративті облигациялар үшінші сессия қатарынан қалпына келуде. АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі баяу төмендеп жатыр.
KASE мамырдың жалпы көрсеткішінен аса алмай, бір орында тұрып қалды. Халық банк акциясының аз уақыт төмендеуінен күндізгі индекс баяулады.
«Бір кездері KASE қағаздары 150 теңгеге дейін түсіп кетті. Соған қарағанда, өсімнен кейін позицияны нығайту болды. Бұл ретте LSE-де (Лондон қор биржасы) Жаһандық депозитарлық қолхаттар (ЖДҚ) өзін жайлы сезінеді. Кеше котировкалар мамырдағы максимумды бағындырып, қазір 15 доллар маңайындағы қарсыласу деңгейіне бағыт алды. Өзге ЖДҚ-лар да 5-6 шілдедегі төмендеуден кейін қалпына келіп, плюспен жабылды. «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының өсуі дивидендтер тізілімін тіркеудің жақындап келе жатқан күніне байланысты болуы мүмкін, осыған байланысты бағалар бұанкейін де аздап өсуі мүмкін. Kaspi 50 күндік орташа деңгейден жоғары көтерілді, бірақ мамыр айынан бастап бүйірлік трендте», дейді Freedom Broker.
12 шілде күні қаңтар-маусымдағы Қазақстан ЖІӨ-сінің өсімі 5 пайызды құрағаны белгілі болды. Бұл біздің 4,3 пайыз болжамымыздан жоғары деп хабарлайды компания.
Freedom Broker-дің хабарлауынша, 11 шілде доллар бағамы теңгеге қатысты төмендеуін жалғастырған. USDKZT котировкасы сәрсенбі таңнан бері 440 деңгейінен түсіп жатыр.