Келесі жылы да шегіртке көп болады - Ербол Қарашөкеев

Опубликовано

Фото: kursiv.media

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев министрліктің шегірткемен қалай күресіп жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда біз 1,2 млн гектар жерге дәрі септік. Жоспар бойынша 1,4 млн гектар жерге шегірткеге қарсы дәрі себілуі тиіс болған. Жұмыстар әлі де тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, Қостанайда шегірткемен күрес қарқынды жүріп жатыр. Ол жерге демалыс күндері барып, жағдаймен жеке таныстым. Қамысты ауданына барып, Ақтөбе облысының шекарасына жақын жерлерде болдым. Шегіртке басқан аймақтардың бәріне жедел түрде дәрі-дәрмектер жеткізіліп, арнайы мамандар жіберіліп отырды», деді Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, Қазақстан аумағында үш түрлі шегіртке тараған, олар – итальяндық шегіртке, азиялық және марокколық шегірткелер. Олардың биыл күрт көбеюіне «күннің белсенділігі» әсер еткенін айтады министр.

«Әрбір 11 жыл сайын шегірткелердің таралуының осындай шарықтау шегі болады. Биыл осындай кезең. Келесі жылы да шегіртке көп болады. Мұндай кезеңде шегірткенің таралуы он, жиырма есеге көп болады. Бір шегіртке, шамамен 100 немесе 1000 жұмыртқа сала алады», дейді министрлік басшысы.

Еске сала кетсек, биыл Ақтөбе мен Қостанай облыстарының егістіктерін шегіртке басқан. Қостанай облысында зиянкестердің күрт көбеюінен 4,6 млн гектарды құрайтын егіс алқабының 500 гектары зардап шеккен.

Биыл ел аумағында 1,5 млн гектар жерге шегіртке таралуы мүмкін екенін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциясы хабарлаған болатын. Жалпы Республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 млрд теңге бөлінген.

Ал 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 млрд теңге бөлінген.

Читайте также