Жаңалықтар

Лондонда тіркелген Central Asia Metals компаниясы Қазақстандағы мыс өндірісін 1,5%-ға арттырды

Фото: kursiv.media


Central Asia Metals plc 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 15 шақырымдағы мыс кен орнынан 6 716 мың тонна мыс өндірді, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

«2022 жылдың бірінші жартыжылдығында «Қоңырат» кен орнынан 6 617 мың тонна мыс өндірілді. Бұл дегеніміз, биыл өндіріс көлемі 1,5%-ға артқанын көрсетеді», делінген ақпаратта.

Компанияның дерегінше, Македониядағы Sasa кен орнында концентраттағы мырыш өндірісі 6,7%-ға төмендеп, 9 764 мың тоннаны құрады. Концентраттағы қорғасын өндірісі 0,7%-ға аздап төмендеп, 13 734 мың тонна болды.

Еске сала кетсек, Central Asia Metals plc гидрометаллургиялық кешені Қазақстанда 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Сонымен қатар, CAML Солтүстік Қазақстандағы «Шуақ» мыс жобасының 80%-ына иелік етеді. Сондай-ақ компанияның Моңғолияда молибден және алтын жобалары, Чилидегі мыс жобасы және Македониядағы Sasa мырыш кеніші бар.

Оның акционерлерінің қатарына Blackrock Investment (7,22%), JO Hambro Capital Management (7,15%), T Rowe Price Global Investments (6,55%), Hargreaves Lansdown (4,99%), Polar Capital (4,73%), Fidelity International (4,39) және басқалары бар.

2010 жылдан бастап CAML бағалы қағаздары Лондон қор биржасының AIM алаңында саудаланады.