Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Министр Төтенше жағдайлар министрлігінде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда, министрлікте алдағы уақытта жүзеге асырылатын трансформация және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни төтенше жағдайлардың саны мен ауқымы ұлғайған жағдайда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін жетілдіріп, төтенше жағдайдың салдарын жоюдан бұрын оның алдын алуға бағдарлау көзделіп отырғанын жеткізді.
Сонымен бірге миниср құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру және цифрландыру ісін нығайту, сондай-ақ құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кадрлық әлеуетін арттыру, оларды әлеуметтік қорғау шаралары күшейтілгенін айтты.
Министрлік тарапынан халықты алдын ала қорғауға қажетті жағдай жасау мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары да қолға алынбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке төтенше жағдайлардың санын азайту, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.