Қысқы мерзімге дайындық: Екібастұз ЖЭО-да 2 қазандық жөнделген

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Екібастұздағы ЖЭО-да 2 қазандық жөнделген, ал 8 қазандықта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлімдеді.

«Екібастұзда жылумен жабдықтаудың барлық жүйесін жаһандық жаңарту жүргізілуде. Екібастұз ЖЭО-да 2 қазандық жөнделді. Қалған 8 қазандықта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық қажетті материалдар мен жабдықтар сатып алынды, жеткізу және монтаждау жұмыстары жүріп жатыр», деді әкім.

Әлеуметтік объектілер мен тұрғын үйлерді жылыту кезеңіне дайындау мақсатында кешенді жылу техникалық аудит, орамішілік және магистральдық жылу желілерін ауқымды жөндеу, ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру секілді шаралар атқарылып жатқанын айтты қала басшысы.

«Екібастұз қаласында қыста -37°-40° С аяз болады. Сондай суық кезеңде тоқтап қалмау үшін ЖЭО-да 4 қазандық жұмыс істеуі қажет: 2 су жылыту қазандығы және 2 энергетикалық қазандық жұмыс істеуі керек. Қосымша 4 қазандық резервте болады деп жоспарлап отырмыз», дейді Асайын Байханов.

Шаһар басшысының айтуынша, Екібастұзда 690 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен басқару нысаны жоқ 184 көпқабатты үй анықталған. Оларда дайындық жұмыстарын қала құраушы кәсіпорындар жүргізеді. Ал 570-ке жуық тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындық актілері бар.

«Екібастұз тұрғындарына жылу беріледі. Басқа амал жоқ», дейді Павлодар облысының әкімі.

Сондай-ақ оқыңыз