Жаңалықтар

Қаржы министрі бюджет қаржысын игере алмай отырған министрліктер мен өңірлерді атады

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев / Ukimet

Фото: kursiv.media

Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өткен жарты жыл ішінде қаржыны игермеген министрліктерді атады. Оның дерегінше, игерілмеген қаражат 49 млрд теңгені құрады. Неғұрлым ірі сомаларды игере алмаған ведомствалар арасында төтенше жағдайлар, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және спорт, сыртқы iстер министрліктері бар.

Қаржы министрінің дерегінше, игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражатын игере алмаған облыстар да аталды. Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше жергілікті жерлерде – 8 млрд. теңге игерілмеген. ең көп игерілмеу: Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында қалыптасқан. Айта кету керек, биыл өңірлерге 2 трлн. теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 шілдеге 755 млрд. теңге бөлінген. Атқарылмаған соманың жалпы көлемі 28 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар соңғы алты айда мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден аса кіріс түсіп, жоспар 102,3 пайызға орындалған.

«Осы жылдың алты айында мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден аса кіріс түсті. Жоспар 102,3 пайызға орындалды. Ал республикалық бюджетке 6,1 трлн теңге түсті. Жоспар 94,7%-ке орындалды. Бюджеттің атқарылмаған бөлігі 343 млрд теңгені құрады. Ал салықтар бойынша жоспардың 391 млрд теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты», деді министр.

Министрдің айтуынша корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2023 жылдың 6 айында 296 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36%-ке немесе 128 млрд теңгеге азаюымен байланысты. Ал шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ке төмендеуімен байланысты болды.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 121,7%-ке атқарылып, 3,1 трлн теңгені құраған. Мұндағы жоспар 552 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 504 млрд теңгеге асыра орындалған. Жалпы кірістер бойынша жоспар барлық өңірлерде асыра орындалғанын айтты министр.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 11 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді», деді министрлік басшысы.