Сотта Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің әкесіне қатысты екі іс қаралып жатыр

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке қатысты екі істі қарап жатыр. Бұл істер заңсыз салынған құрылыспен байланысты.

Атап айтқанда, Жоғарғы Соттың сот кеңсесінде Байбекке қатысты екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бар. Сот 26 маусымда ҚР ӘҚБтК-нің 319-бабы бойынша бірінші істі қарауға қабылдады. Екіншісі істі – 29 маусымда ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша қабылданған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 319-бабы бойынша жер учаскесіне тиісті құқығынсыз өндірістік, тұрғын, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе шаруашылық объектілерін заңсыз салу әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл шартты бұзған жеке тұлғалар – 15 АЕК (51 750 теңге), лауазымды адамдар, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар – 30 АЕК (103 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілері – 50 АЕК (172 500 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері – 200 АЕК (690 мың теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар бұл заңға сәйкес заңсыз салынған немесе салынып жатқан құрылыс мәжбүрлі түрде бұзылады.

Ал ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарламасыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сол сияқты іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырған адамдарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл заңды бұзған жеке тұлғалар – 15 АЕК (51 750 теңге), лауазымды адамдар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдар – 25 АЕК (86 250 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілері – 40 АЕК (138 мың теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері – 150 АЕК (517 500 теңге) көлемде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Сонымен бірге әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін заттары немесе құралдарды тәркіленуі мүмкін. Заңға сәйкес лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу кезінде тапқан кiрiстер (дивидендтер), ақша және бағалы қағаздар тәркiлеуге жатады.

Бұл істерге қатысты сот отырысы ҚР ӘҚБтК-нің 319-бабы бойынша бірінші іс 11 шілдеде өтуі керек еді. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша екінші іс 13 шілдеге әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтуі керек болған.

Соттың баспасөз қызметі Курсив тілшісіне бұл істер бойынша кейінірек қосымша ақпарат беретінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз