Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Сонымен қатар, Ақорда сайтында осы заңның нормаларына қатысты түсіндірме жазба жарияланды.
Оған сәйкес, қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады айтылған.
«Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн. АЕК-тен асатын(44 млрд. 850 млн. теңге немесе шамамен 100 млн. АҚШ доллары) активтері болуға тиіс. Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді, делінген хабарламада.
Заңсыз шығарылған активтер Мониторинг және талдау барысында анықталады. Уәкілетті орган тарапынан сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты орынды күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі Премьер-Министр жасақтаған, Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған комиссияға осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді.
«Заңда уәкілетті органның орынды күмәндануына негіз болатын критерийлер нақты айқындалған. Бұл – активтер құнының заңды кірістер көлеміне немесе активтерді иемденуіне, тұлғаның немесе оның үлестес тұлғаларының активтерді белгіленген шектен жоғары бағада (жауапты лауазымға орналасу кезінде не одан кейін) сатып алуына арналған шығыстарды жабудың өзге де көздеріне сәйкес келмейтін және Заңда белгіленген басқа да негіздер», делінген хабарламада.
Өз кезегінде комиссия тұлғаларды Реестрге енгізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылықты ескере отырып, активтерді қайтару жөніндегі алдағы шаралар туралы шешім қабылдайды.
«Комиссия адамдарды Реестрге енгізген жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы оларды хабардар етеді және осы сәттен бастап тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растай отырып, активтер туралы декларацияны бір ай ішінде не 3 ай ішінде тапсыра алады», делінген ақпаратта.
Декларацияда субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуге тиіс. Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.
Заңсыз иемделінген активтерді қайтару ерікті түрде немесе Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Шарттар ақша төлеу, активтердің бір бөлігін немесе барлығын мемлекетке қайтару, сондай-ақ толық алынбаған салықтың, келтірілген залалдың, активтерді иеленген жалпы кезең ішінде тұлға тапқан табыстың сомасын, бірақ мемлекетке келтірілген залалдан кем емес сомаларды және басқа да шарттарды қамтуы мүмкін.
Активтерді мәжбүрлі түрде қайтару уәкілетті органның сотқа жүгінуі арқылы азаматтық процестік заңнама қағидаларының жалпы негіздемелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Заңда адал сатып алушыларды қорғау тетіктері көзделген.
Мемлекет пайдасына түскен активтер Қаржы министрлігіндегі қолма-қол ақшаны бақылау шоты саналатын Арнаулы мемлекеттік қорға беріледі. Қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік, экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Активтердің шетелде болуы мүмкін екенін ескере отырып, Заңда соттар шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, ақпарат алмасу және өзге де құқықтық өзара іс-қимылдар үшін халықаралық құқықтық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған.
Уәкілетті орган жыл сайын активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл, қабылданған жүйелі шаралар, оның ішінде ресми сайтында жарияланатын активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау шараларын қамтитын ақпарат дайындайды.
Заң жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.