Жаңалықтар

Жарты жылда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ды құрады – Ұлттық Экономика министрі

коллаж kursiv.media

Ағымдағы жылғы 1 жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ті құрап, ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында байқалған. Бұл жайлы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Оның ішінде нақты сектор – 4,8%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 4,9%-ке өсті. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсім көрсетті», деді министр.

Министрдің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 13%-ды құраған. Атап айтқанда, инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 56,8%-ға, саудада – 32,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 22,1%-ға, білім беруде – 21,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 10,9%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 11,4%-ға өсті.

Ал сыртқы сауда айналымындға көрсеткіштер 8%-ға өсіп, 55,8 млрд долларды құрап, экспорт көлемі 31,6 млрд доллар болған. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 3,8%-ға ұлғайып, 10,2 млрд долларға жеткен. Ал тауарлар импорты 24,2 млрд долларды құраған.

«Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,5%-ке өсті. Көрсеткіш өсуі 15 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті», деді Әлібек Қуантыров.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісіндегі өсім 28,8%-ға, оның ішінде автомобиль жасау – 40,1%-ға, электр жабдықтарын жасау – 34,9%-ға артқан. Министрі сонымен бірге оң өсім азық-түлік өндірісінде – 5,3%, мұнай өңдеу өнімдерінде – 1,9%, құрылыс материалдарында – 4,4%, сусындар өндірісінде – 6,6%, пластмасса бұйымдарында – 7,8%, жеңіл өнеркәсібінде – 24%-ға артқаны байқалған.

Министр тұрғын-үй құрылысы саласында да оң динамика байқалғанын атап өтті.

«19 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Абай, Қызылорда және Жамбыл облыстарында байқалды. Ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда 7,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ке жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарында байқалды», деді ол.

Сонымен қатар Әлібек Қуантыров ауыл шаруашылығы саласының да айтарлықтай көтеріліп, жалпы шығарылым 3,2%-ке ұлғайғанын, саладағы өндірістің өсу қарқыны барлық өңірде тіркелгенін айтты.