20 мың кәсіпкердің бизнесіне кедергі болған 400 проблемалық кейс шешімін тапты

Жарияланды
Shutterstock

Соңғы жарты жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдары бойынша 20 мың кәсіпкерді қамтыған бизнестің 400-ден астам проблемалық кейстері өз шешімін тапты, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Агенттік мәліметінше кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілердің ең көп саны жер қатынастары саласына және инфрақұрылым объектілеріне қосылу мәселелеріне тиесілі. Сондай-ақ, салық және мемлекеттік сатып алу жүйелерінде де проблемалар бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Атамекен» ҰКП бірлескен кеңесінде «Бизнеске жол» жобасы аясында кәсіпкерлерге кедергі болатын мәселерді шешуді жүзеге асырған.

«Кәсіпкерлер көбінесе орындалған шарттар үшін уақтылы төлем ала алмаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін 220 бизнес субъектілерінің алдындағы қаржылық берешектері толығымен өтелді», делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл проблеманы жою үшін Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алу порталының функционалын пысықтау ұсынылған. Сондай-ақ, аккредитив мысалында қаржылық кепілдіктер жүйесін және лауазымды тұлғалардың бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілік мәселелерін енгізу ұсынылған.

«Жоба аясында бизнес үшін жүйелі әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше назар аударылады. Мысалы, жер комиссияларының отырыстарында әкімдіктердің жерді жалға алуды ұзарту мәселелерін заңсыз қарау фактілері алынып тасталды. Бұл ретте комиссияның заң бойынша мұндай өкілеттіктері болмайды», деп хабарлайды агенттік.

Сондай-ақ, Агенттіктің аумақтық департаменттерінің ұсынымдары бойынша бақылаушы органдардың жоспарларынан 360 кәсіпкердің қызметінде негізсіз тексерулер алынып тасталған. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан мониторинг түріндегі жеке бақшаларды негізсіз тексеру тоқтатылды.

«Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Агенттіктің департаменттері «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің карталарын» ескере отырып, қазіргі уақытта бизнес құқықтарына нұқсан келтірген салалар бойынша жемқорлыққа қарсы мониторингтер мен тәуекелдеріне талдау жүргізеді», делінген баспсаөз хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз