Қоғам

Алдағы жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем жойылады

Келесі жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) алынып тасталады. Бұл туралы бүгін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев брифинг кезінде айтты.

Жалпы, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) әуелде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 5 жылға (2019 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін) уақытша енгізілген болатын. Бүгінгі күнге дейін төлемнің бұл түрін жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін сататын және өзге жеке тұлғаларға қызметтер көрсететін, жылдық табысы 1175 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын азаматтар, жұмыссыздар, бала күтімі бойынша бір жарым жасқа дейінгі әлеуметтік төлемдерді алғысы келген жүкті әйелдер пайдаланып келді.

Бірыңғай жиынтық төлем республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары үшін бір айлық есептік көрсеткіш көлемін және басқа елді мекендердің азаматтары үшін 0,5 АЕК құрайды. Яғни, биыл БЖТ мөлшері тиісінше 3 450 теңге және 1725 теңге.

«Бірыңғай жиынтық төлемнің негізгі және жалғыз мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тарту. Сондықтан бұл төлемдері төмен жеңілдік кезеңі болды. Қазір жеке тұлғалардың табысын декларациялау кезең-кезеңімен енгізілу үстінде. Бұрын кәсібін тіркемеген азаматтар кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе жалдамалы қызметкер болып жұмыс істеуі керек», деді Тілеухан Әбілдаев.

 Осы орайда келесі жылы БЖТ орнына басқа төлем түрі енгізіле ме?,-деген сауалға спикер  азаматтар дербес төлеуші ретінде қатыса алатынын айтып өтті.

«Бұған дейін БЖТ төлеп келген азаматтар 2024 жылдан бастап сақтандыру жүйесіне дербес төлеуші ретінде қатыса алады. Төлем сомасы 1 ең төменгі жалақының 5 процентін құрайды. (2023 жылы – 3500 теңге). Атап айтар болсақ, бұрын сақтандыру статусын алу үшін өткен 12 айдың қарызын өтеу қажет болатын. Қазір өзін-өзі сақтандырғысы келетін, ресми жұмыс істемейтін азамат бұрынғы берешекті өтемей, алдағы 12 айға жарна төлеп, бір жылға сақтандыру статусын ала алады. Мәселен, осы айда медкөмекке жүгінетін пациент 2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың маусымына дейінгі аралық үшін жарна аудара алады», деді спикер.  

Оның айтуынша, тұрақты табысы жоқ ауыл тұрғындарының (90 мыңға жуық адам) МӘМС жүйесінен тыс қалу қаупі бар. Қазір осыған байланысты ауылдық аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әзірше, азаматтар алдағы жарты жылда БЖТ-ны төлей береді. 2024 жылдан бастап төлемнің жоғарыда айтылған түрлерін қарастыру қажет болмақ.

Төлем Қазақстанның екінші деңгейлі банктері, банктердің мобильді қосымшалары мен «Қазпошта» бөлімшелері арқылы қабылданады. Төлем жасау үшін жеке сәйкестендіру нөмірін, төлем жасалатын айды көрсету қажет.

МӘМС жүйесіне қатысты қосымша сұрақтар бойынша емханадағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгінуге болады. Сонымен қатар, Қордың байланыс арналары арқылы өтінім қалдыра аласыз.