Букмекерлік кеңселерді жарнамалауға шектеулер енгізіледі
Фото: Ашық дереккөздерден
Елімізде букмекерлік кеңселерді жарнамалауға шектеулер енгізіледі. Бұл жайлы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ойын бизнесі мәселелері бойынша өткен кеңесте айтты.
Жиынның басты тақырыбы – лудоманиямен күрес болды.
«Букмекерлік кеңселерді бақылаусыз жарнамалау дәуірі өткенге айналуы керек. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан заңға өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бүгінгі таңда қала көшелеріне қарайтын болсақ, елордадан бастап шалғайдағы ауылға дейін әрбір көшеде билбордтар, баннерлерде құмар ойындардың жарнамасы тұр. Ешқандай тәртіп жоқ. Сондықтан бұнын бәрін тоқтатуымыз керек. Керек болса арнайы бұйрықтарға, заңға да өзгерістер енгізу қажет. Бұл мәселені шешуді созбай, тез арада шешім қабылдауымыз маңызды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек», деді Асхат Оралов.
Министр сонымен бірге елімізде букмекерлік кеңселердегі жағдай түзеліп келе жатқанын, соңғы 2,5 жылда олардың саны 38-ден 16-ға дейін азайғанын айтты.
Қазіргі таңда 4 букмекерлік кеңсенің лицензиясының күшін жою бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан 5 лицензия қайтарып алынған.