Жаңалықтар

Есірткі ісі бойынша іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Германиядан экстардицияланды

Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі аса ірі көлемде есірткі сатқан және заңсыз сақтаған Қазақстан азаматының Германиядан экстардицияланғанын хабарлады.

«Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі аса ірі көлемде есірткіні заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін іздеуде жүрген М. есімді азаматты экстрадициялау туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды», делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті қылмысты 2020 жылы Елордада жасаған. Содан кейін ол қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалаған. Артынша оған халықаралық іздеу жарияланып, Германияда екені анықталған.

«Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады. Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін ол 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деп хабарлайды баспасөз орталығы.

Осыған дейін дәл осындай факт бойынша халықаралық іздеуде жүрген азаматты Түркиядан экстрадициялаған болатын.

Ал 15 маусым күні 50 млн теңге бюджет қаржысын ысырап қылды деген күдікке ілінген Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қайсар Сарытай Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Лауазымды құзыретін асыра пайдаланған экс-шенеунікке халықаралық іздеу жарияланған болатын. Бас прокуратура күдіктіні ұстауға Грузияның Әділет Министрлігіне сұрау салып, нәтижесінде Қазақстанға жеткізілген.