Қазақстандықтар қымбат үлгідегі смартфондарды көбірек сатып ала бастаған
Фото: kursiv.media
2022 жылдың соңында Қазақстандағы смартфондар нарығында смартфондар сатылымының көлемі азайған, бірақ сатып алу сомасы көбейген. Бұған себеп, қазақстандықтар қымбат үллгідегі телефондарды көп таңдай бастаған.
Десе де, бөлшек саудагерлер 2023 жылы «дана» сатылымдары қалпына келеді деп болжайды.
2022 жылы қазақстандық нарыққа смартфондар жеткізілімі өткен жылмен салыстырғанда 6,6%-ға қысқарды, деп хабарлайды International Data Corporation (IDC) консалтингтік компаниясы. Бөлшек саудагерлер де сатылымның төмендегенін айтады. Mechta тұрмыстық техникасы мен электроника тізбегі өкілдерінің айтуынша, смартфондар нарығы өткен жылмен салыстырғанда бірлік бойынша шамамен 10%-ға қысқарған.
«Evrika» тұрмыстық техника мен электроника желісінің қаржы директоры Әзиз Теймуров смартфондар сатылымының сандық түрде төмендеуі халықтың төлем қабілеттілігінің төмендегенін көрсетеді деп санайды.
«Бұл туралы өткен жылы айтқан болатынбыз. Екі себеп бар: жоғары азық-түлік инфляциясы және соның салдарынан төлем қабілеттілігінің төмендеуі, әсіресе, азық-түлік емес сегментте байқалады. Өйткені халық үшін азық-түлік маңызды. Тағы бір себеп – тұтынушылық несиелеуді шектейтін базалық мөлшерлеменің жоғарылығы», дейді маман.
Келесі әсер ететін фактор – смартфондардың қымбаттауы. Mechta компаниясының мәліметі бойынша, нарықтағы орташа чек бір жылда 23%-ға, ал өз тізбегінде баға белгілері шамамен 20%-ға өскен.
IDC-де смартфондар нарығының өсімі ақшаға қатысты шамамен 10%-ға бағаланды. Қазір IDC деректері бойынша ол 1,43 миллиард долларды (630 миллиард теңге) құрайды. Ал GFK зерттеу компаниясы нарықта бұл саладағы бағалар 2022 жылы біршама жоғары бағаланып, 708,5 млрд теңгені құрағанын жазады. Бөлшек саудагерлердің айтуынша, биылғы жылы Қазақстандағы смартфондар нарығы бір триллион теңгелік межені еңсере алады. Алайда бұл смартфондар сатылымы арта түседі дегенді білдірмейді. Оған қымбатырақ үлгідегі смартфондардың сатылуы себеп болады деп топшылайды сарапшылар.
«Егер біз 2022 жылдың алғашқы бес айындағы сатылымдарды 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі сатылымдармен салыстыратын болсақ, біз ақшаның айтарлықтай өскенін көреміз. Өткен жылы алғашқы бес айда 199 миллиард теңгенің саудасы жүзеге асқан. Ал биыл бұл көрсеткіш 323,8 миллиард теңге болып, 63 пайызға өсіп отыр. Сатудың оң динамикасы сақталатын болса, Қазақстандағы смартфондар нарығы бірлік бойынша нарықтың төмендеуіне қарамастан, бір триллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Бұл смартфонның орташа құнының өсуін білдіреді», дейді Freedom Mobile желісінің сату жөніндегі директоры Мария Емельянова.
Смартфон бағасының өсуіне геосаяси жағдай қатты әсер етпеген
Нарық қатысушылары смартфондар құнының өсуіне Украинадағы соғысқа байланысты жеткізу тізбегінің өзгерістеруі емес, валюта бағамының айырмашылықтары көбірек әсер еткенін айтады.
«2022 жылы импорттық тауарлардың орташа құны барлық өнім санаттары бойынша қымбаттады. Бірақ смартфондар туралы айтатын болсақ, бұл санат ең аз зардап шекті. Телефондардың логистикасы әрқашан әуе тасымалы арқылы құрылды және Ресей Федерациясы жердегі транзиттік дәлізден ажыратылғаннан кейін, құрлық арқылы әкелінетін тұрмыстық техникамен салыстырғанда ,«смартфондар» санаты одан қатты зиян шеккен жоқ», дейді Әзиз Теймуров.
Оның айтуынша, 2022 жылдың наурыз айынан бастап дәл осындай үлгідегі кір жуғыш машиналар, тоңазытқыштар мен теледидарлардың бағасы 15-35 пайызға өскен. Ал смартфондар санатында 2022 жылдың ақпанынан желтоқсанына дейінгі кезеңде бағаның өсуі 15%-дан аспаған. «Біз бағаның көтерілуін ұлттық валюта бағамының өзгеруімен байланыстырамыз», дейді сарапшы.
Samsung Electronics Central Eurasia компаниясы да жеткізу тізбегінің өзгермегенін растайды.
«Логистикалық тізбек әлі өзгерген жоқ, біз бұл салада жалпы өзгерістерді күтпейміз. Қазіргі уақытта біз Қазақстанға Вьетнамнан, Қытайдан және Үндістаннан смартфондар жеткізіп жатырмыз», дейді компания өкілі.
Қазақстандықтар қымбат үлгіні таңдайды
Бағаның өсуіне қарамастан, қазақстандықтардың таңдауы арзан сегментке емес, орташа және жоғары баға диапазонындағы смартфондарға көбірек ауып барады. Көп жағдайда бұған бөліп төлеу ұсынысы әсер етеді.
«Тұтынушы қымбатырақ смартфон сатып алуға көбірек басымдық бере бастады. Бұған бөліп төлеуді пайдалану мүмкіндіктерінің артуы себеп. Әлбетте Kaspi.kz бөліп төлеуде смартфондар нарығындағы негізгі драйверлердің біріне айналды», деп пайымдайды Mechta желісінің өкілдері.
Көптеген желілер телефонды екі жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Freedom mobile одан әрі жүрді – онда төлем мерзімі екі жарым жылға ұзартылуы мүмкін. Мұндағы сату нүктелерінде iPhone-ның соңғы үлгілері мен Samsung модельдері тұрақты сұранысқа ие.
«Samsung желісі, әсіресе Galaxy A34, Galaxy A14 және Galaxy A04 сияқты орта деңгейлі смартфондар сұранысқа ие», дейді Мария Емельянова.
Дүкендердегі смартфондар ассортиментінің арзан сегментке қарай өзгермеуі импорттық статистикамен жанама түрде дәлелденеді. Ұлттық статистика бюросы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, смартфон импорты 5,7%-ға қысқарғанымен, импортталатын бір смартфонның орташа құны 41%-ға өскен.
«Қымбатырақ смартфондар импорттала бастады. Біздің бөлшек сауда желісін мысалға келтірсек, 2022 жылдың 1 ақпаны мен 31 желтоқсанын салыстыратын болсақ, бір смартфонның орташа құны 44%-ға қымбаттады. Осы жерден айырбас бағамына байланысты өсудің 10-15%-ын алып тастасақ, қалған 30%-ы қымбатырақ смартфондарға, оның ішінде сатылым қымбатырақ брендтерге қарай өзгергенін байқауға болады», дейді Теймуров.
Қазақстандықтар қандай брендке көбірек сенім білдіреді?
2022 жылы бүкіл әлем бойынша смартфондар сатылымы сандық мәнде төмендеген. Сонымен қатар бүкіл әлем бойынша құрылғылардың орташа құны өсті. Бұған Samsung және Apple флагмандық үлгілері айтарлықтай ықпал еткен. Осы параметрлер бойынша Қазақстан да жаһандық көрсеткіштен қалыс қалмады. Мәселен, жиналмалы экраны бар смартфондар сатылымының өсу тенденциясы Қазақстан нарығына да жеткен. Ал Counterpoint Research зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында жиналмалы смартфондардың жаһандық сатылымы бір жылмен салыстырғанда 64%-ға өсіп, 2,5 миллион данаға жеткен. Сарапшылар Қазақстан нарығында мұндай құрылғылардың сатылымы баяу көтеріліп келе жатқанын айтады.
«Қазақстанда жиналмалы экраны бар смартфондар танымал бола бастады. Дегенмен, қазіргі уақытта олардың жалпы сатылымдағы үлесі әлі де аз және шамамен 2% құрайды», дейді Мария Емельянова. Десе де, Қазақстандағы жиналмалы смартфондар нарығы «дамудың бастапқы кезеңінде» екенін айтады маман.
«Samsung Electronics» – әлемдегі және Қазақстандағы жиналмалы құрылғылар санатындағы нарық көшбасшысы. 2022 жылы бізде бұл санаттың танымалдылығы артты. Сарапшылар пікірінше Қазақстанда мұндай смартфондардың сатылымының баяу жүруіне қарапайым пайдаланушылардың экранды бүктеу технологиясына деген сенімсіздігі себеп.
IDC мәліметтері бойынша, Samsung компаниясының сату көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 9 пайызға дерлік төмендеген. Бірақ бұл олардың нарықтағы көшбасшылығын сақтап қалуына кедергі болмаған. Ал екінші орында Xiaomi бренді тұр. Бұл бренд керісінше өткен жылмен салыстырғанда 11 000-ға көп смартфон сатып, нарықтағы үлесі 2%-ға көбейді. Ал 2022 жылдың соңында Oppo үздік үштіктен шықты, оның орнын 10,76% үлесімен Vivo бренді басты.
«Vivo-ның өсуіне көптеген факторлар әсер етті: тәуекелдің барлық нұсқалары бар ұзақ мерзімді стратегия, жеткізілімдер мен маркетингтік әрекеттерді уақтылы жоспарлау, команданың командалық рухы, серіктестердің көмегі, сондай-ақ компанияның топ-менеджментінің сенімі мен қолдауы», дейді Vivo-ның сату жөніндегі директоры Азиз Мұратов. Маман бұл брендтің танымалдылығын қолайлы баға және сапа қатынасымен түсіндіреді.
Жоғарыда аталған брендтерден басқа, IDC деректері бойынша ең танымал бестікке Apple кіреді. Жақын арада бұл қымбат брендпен Huawei-дің Honor моделі де бәсекелесе алады деп топшылайды сарапшылар. Өйткені бұл смартфонның сатылымы Қазақстанда 2022 жылдың екінші жартысында басталғанына қарамастан, ол қазақстандықтардың көңілінен шыға алған.