Жаңалықтар

Қазақстанның Азық-түлік корпорациясы қытайлық COFCO компаниясымен 75 мың тонна бидай экспорттауға келісті

Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев COFCO компаниясының вице-президенті Чжу Цзэмен Қазақстандық бидайды ҚХР-ға экспорттау әлеуетін және қолданыстағы келісімдер жайын талқылады.

АШМ басшысы Қазақстанның жоғары сапалы және органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ азық-түлік өндірудегі үлкен мүмкіндіктерін атап өтті. Сонымен қатар, министр өткен жылы егіннің рекордтық көрсеткішке жетіп, 22 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар, оның ішінде 16,4 млн тонна бидай жиналғанын айтты.

Жалпы Қытайға жыл сайынғы жеткізу көлемін астық тасығыштармен және жабық вагондармен 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы орайда COFCO компаниясы мен Азық-түлік корпорациясы арасында 75 мың тонна бидай жеткізуге экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Ербол Қарашөкеев Қазақстан тарапынан барлық міндеттемелер мерзімінде орындалатынын атап өтті.

Келіссөздер барысында Азық-түлік корпорациясынан басқа да дақылдарды, яғни зығыр, арпа, күнбағыс және рапсты сатып алу мүмкіндігі қарастырылды. COFCO корпорациясы қазақстандық бидайдың ҚХР-ға ірі импорттаушысы болып саналады.

Қытай өкілі Қазақстанға сапары барысында Ақмола облысындағы азық-түлік корпорациясының астық қабылдау кәсіпорындарына барып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиеу процесін көрді. Сондай-ақ А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығына барып, орталықтың жұмысымен танысты.