Қорғаныс министрлігі «Әскери құрылыс» айналасындағы қылмыстық іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді

Жарияланды
минобороны рк
Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігінің лауазымды адамдарының «Әскери құрылыс» АҚ айналасындағы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқ екені анықталды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізген сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде «Әскери құрылыс» АҚ бұрынғы президенті Е. Тәжиденовтің және басқаларының басшылығымен ұйымдастырылған қылмыстық топтың әрекеті анықталған болатын.

Ақпаратқа сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттерінің салдарынан «Әскери құрылыс» АҚ-ның қаржылық жағдайы айтарлықтай төмендеп, өтелмеген несиесі болған.

Қорғаныс министрлігі «Әскери құрылыс» АҚ басшылығын толық ауыстырып, ведомствоға бағынышты ұйымның қызметіне бақылауды күшейткен.

«Бұл заңсыз әрекеттерді 2019-2020 жылдар аралығында акционерлік қоғамның  лауазымды тұлғалары жасағанын айта кету керек. Барлық бұзушылықтар бойынша жедел ақпараттандыру мен тергеу іс-шаралары сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында ҚР Қорғаныс министрлігінің қазіргі басшылығының бастамасымен қолға алынды», делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың басынан бастап «Әскери құрылыс» АҚ қызметін реформалау және кредиторлық берешекті өтеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Бүгінгі таңда 100-ден аса компания медиативтік келісімдерге қол қойды.   Кәсіпкерлер алдындағы кредиторлық берешектің негізгі бөлігін 2023 жылдың соңына дейін міндетті түрде өтеу жоспарланып отыр», делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз