«Самұрық-Қазына» төрағасы: АЭС салу оңай болмайды

Жарияланды
freepik и sk.kz

«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде АЭС салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

«Қазақстанда атом электр стансасы бола ма, жоқ па, шешім шығаруға бірнеше факторлар әсер етеді. Осы мәселелерді шешіп алған соң ғана біз, қай өндіруші немесе сатушымен құрылыс бастайтынымызды айтатын боламыз. Ал қазірше бұл мәселеде сұрақтар көп. Біріншіден атом электр стансаларының орналасатын жерін анықтау керек. Құрылыс басталатын жерін анықтап барып, шешім қабылдауымыз керек. Өйткені құрылысқа қатысты су және экология сияқты бірқатар талаптар бар», дейді Жақыпов.

Қор басшысы әсіресе, су мәселесіне келгенде біраз қиындықтар бар екенін айтты.

«АЭС салуда ең басты талаптардың бірі – жақсы су қоймасы болуы керек. Мен еліміздегі эколлогиялық жағдаймен жақсы таныспын. Каспий жағалаудан алыстап кеткен, Балқаш та таязданып барады. Егер, қазір біз қандай да бір жерді таңдап, атом электр станциясын салатын болсақ, 10 жылдан кейін су тағы 10 метрге тартылатын болса, не істейміз? Біз өзгерістерге сай жұмыс істеуіміз керек. Дарвин айтқандай: «Ең күштілер емес, ең жылдам бейімделетіндер аман қалады». Біз жоспарсыз шешім қабылдай алмаймыз. 10 жыл бойы салып, тура салынып болғанда, су болмай қалса ше?» дейді Нұрлан Жақыпов.

Оның айтуынша, атом электр станциясын салу оңай ақша тұрмайды.

«Станцияның құны миллиардтаған, тіпті ондаған миллиард долларға баруы мүмкін. Сонда атом электр станциясы өзін-өзі ақтауы үшін тариф қандай болуы керек? Біз мемлекет ретінде мұндай тарифті көтере аламыз ба? Барлығымыз электр энергиясын пайдаланамыз, ұялы телефонымызды зарядтаймыз, интернетке кіреміз, теледидар көреміз. Ал ертең атом электр стансасын салатын болсақ, онда электр энергиясының құны қанша болады? Бұл жерде біз барлық факторларды ескеруіміз керек. Біз өзіміз үшін мұндай қымбат дүниеге дайынбыз ба деген сұрақ қойып, ой елегінен өткізуіміз керек», деді қор басшысы.

Соған қарамастан, қор басшысы елімізде электр қуатының тапшылығы бар екенін жоққа шығармайды және оның шешімін табу қажет деп санайды.

«Біз оны салуға шешім қабылдадық делік, бұл елдегі тапшылықты өтейді. Бірақ құрылыс шамамен 10 жылға созылады, бұл үлкен ақшаны қажет етеді. Яғни бұл электр энергиясы үшін ақшаны кім төлейді? Біздің балаларымыз өтейді. Біз оларға не қалдырамыз? Сондықтан мұны толыққанды талдап, зерттеп алған жөн», дейді Жақыпов.

Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» басшысы жергілікті халық тарапынан да қарсылық бар екенін, сол үшін бұл мәселені шешу оңай болмайтынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз