Жаңалықтар

2024 жылдан бастап, 17 жасқа толған бозбалалар автоматты түрде әскери есепке алынады

Фото: gov.kz

Пилоттық жоба аясында 17 жасар балаларды әскери есепке қою автоматты түрде  жүргізілетін болады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Қорғаныс ведомствосының бастамасын Премьер-Министр, мүдделі мемлекеттік органдар, Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері қолдады.

«Жыл сайын 120 мыңға жуық 17 жасар бала әскери есепке алынады. Қызметті автоматтандыру шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үнемделген қаражат медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды әскери комиссариаттарға алдыру, кеңсе тауарлары және т. б. қызметтерге жұмсалатын болады», делінген хабарламада.

Қолданыстағы заңға сәйкес жыл сайын он жеті жасқа толатын ер азаматтарды тіркеу жүргізіледі. Мұндай процедура әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтай алады.