Фото: kursiv.media
АҚШ Орталық Азия елдеріне Ресей санкцияларының салдарымен күресуге көмектесіп жатқанын мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Элизабет Хорст мұндай жұмыстардың, әсіресе, Өзбекстан және Қазақстанмен белсенді жүргізіліп жатқанын айтқан.
Америка Құрама Штаттарының өкілі Ресейге қарсы санкциялардың салдарын еңсеруге көмектесу үшін Орталық Азия елдерімен жұмыс істеліп жатқанын және оларға Мәскеу мен Пекинмен қарым-қатынаста балама ұсынуға дайын екенін жеткізді.
«Олар бізден санкция мәселесінде қолдау сұрайды, [Ресей мен Қытайдың] қысымына қарсы тұрудың жолын табуға көмектесуін сұрайды, олар балама жол іздестіреді. Біз олармен санкциялар мәселесі бойынша өте белсенді әрекет етіп жатырмыз. Әсіресе, Өзбекстан мен Қазақстанның экономикасы бұзылмау жолдарын қарастырып жатырмыз», деді дипломат.
Ол АҚШ-тың қазір Орталық Азия мемлекеттерімен байланысын нығайтуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Хорсттың айтуынша, Вашингтон бұл елдерге Ресей мен Қытайдан өзге «балама бар» дегенді жеткізгісі келеді. АҚШ өкілі сонымен бірге АҚШ пен Қазақстанның арасында «энергетика саласында бұрыннан келе жатқан серіктестік» бар екенін, осыған байланысты Вашингтон Астананың бұл салада Мәскеуге тәуелділігін азайтуға күш салып жатқанын мәлімдеді.