Астана әкімдігі жер учаскесін беру бойынша аукционды соңғы рет 2020 жылы өткізген. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2022 жыл үшін есебінде айтылған.
Жер кодексінде учаскелерді бөлудің негізгі тәсілі болып сауда-саттық (аукциондар) және ерекшелік ретінде – 21 тәсіл айқындалды, деп жазылған есепте.
«Сонымен қатар, практикада жергілікті атқарушы органдар учаскелерді сауда-саттықсыз бөледі. Айталық, Астана қаласының әкімдігі соңғы 3 жылда сауда-саттық арқылы барлығы 6, ал конкурссыз – 889 жер учаскесін берген. Ол аукционды соңғы рет 2020 жылы өткізген. Бос учаскелер туралы ақпаратты тоқсан сайын жариялау туралы талап сақталмайды», делінген Агенттік есебінде.
Ақпаратқа сәйеес, елімізде учаскелерді берудің ең кең тараған тәсілі Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды пайдалану.
Есепте келтірген ақпаратқа сәйкес, саоңғы бес жылда «Astana» ӘКК учаскелердің 70%-ын тұрғын үй және тұрғын емес үй-жайларды салуға бөлген.
Жалпы, өңірлік даму институттарының негізгі қызметі коммерциялық жобалар – моншаларды, мейрамханаларды, сауда үйлерін, АЖҚС, автожуу, коттедж қалашықтарын сатуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл практика инвестициялық (тауар өндіру) немесе инновациялық (жаңа өнім жасау) болып табылмайтын жобаны іске асыру үшін ӘКК арқылы учаскелерді конкурстан тыс бөлуге тыйым салатын Жер және Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келеді екен.
Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ақпараты бойынша ӘКК-нің мұндай қызметі жеке компаниялардың жер учаскелерін сатып алғаннан он есе артық бағамен қайта сатуына, үлкен құрылыс компанияларына бос учаскелерді брондауға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен ұштасады.
Жер учаскелерін конкурстан тыс бөлудің тағы бір таралған тәсілі арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) аумағында тұрғын үй салу жобаларын іске асыру.
«Қолданыстағы «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заң тұрғын үй құрылысы бойынша жобаларды іске асыру мүмкіндігін жоққа шығарады, себебі оларды тауарлар өндірісіне жатқызбайды. Сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 142 бұйрығымен ерекшелік ретінде Астана, Түркістан және Ақтау қалаларында орналасқан АЭА-ның басым түрлерінің тізбесіне тұрғын үй құрылысы енгізілді», делінген хабарламада.
АЭА қатысушыларын іріктеу рәсімін ашық жарияламайды, сондықтан мұнда сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасау тәуекелі бар.
«Астана» АЭА мысалында құрылыс салушылар арасында учаскелерді пропорционалды емес бөлу анықталды. Айталық, тұрғын үй құрылысының 118 жобасының 65-ін немесе 55%-ын BI Group жүзеге асырады. Бұл ретте, жер учаскелерін өтеусіз алуға және салықтық және кедендік алымдардан босатылуына қарамастан, құрылыс салушылар тұрғын үйді ағымдағы нарықтық бағалар бойынша сатуды жүзеге асырады» делінген есепте.
Мемлекет өз кезегінде құрылыс салушыларға қандай да бір қарсы міндеттемелер қоймайды, дегенмен 2011-2020 жылдары ғана олар 215 млрд. теңге сомасында жеңілдіктер алды деп жазады Агенттік.
«Нәтижесінде, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді құрудың орнына АЭА аумағы өндірістік емес мақсаттар үшін пайдаланылады. Өз кезегінде жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қолдау институттары – ӘКК және АЭА – бюджет, жер және өзге де шектеулі ресурстарды пайдалана отырып, тұрғын үй құрылысы бойынша коммерциялық тартымды жобаларға артықшылық береді», делінген ақпаратта.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Агенттікпен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Тұрғын үй құрылысы саласындағы жол картасын бекітті. 2023 жылдың соңына дейін ӘКК және АЭА арқылы жер учаскелерін конкурстан тыс бөлуді жою бос учаскелер туралы ақпаратты орналастыру рәсімін қатаңдату жоспарланады.
Естеріңізге саламыз, Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте Президент елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындап отырғанын мәлімдеген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары инфрақұрылымның тапшылығына алып келгеніне баса назар аударған еді.
«Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс», деген болатын