Жаңалықтар

Азаматтар жұмысқа орналасу үшін тәуелсіз сертификациялаудан өтуі керек болады

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстан азаматтар енді жұмысқа орналасу үшін өз біліктілігін растауы тиіс болады. «Кәсіптік біліктілік туралы» заң негізінде осындай талаптар енгізілмек. Яғни жұмыс іздеп жүрген маман жұмысқа орналаспас бұрын тәуелсіз сертификаттаудан өтуі керек болады. Бұл жайлы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айтты.

Министрдің айтуы бойынша, бұл маманның еңбек нарығына шығуына жылдам жол ашады. Бұл орайда мемлекет жұмыссыз адамдарға тегін ваучер береді. Яғни жұмыс іздеуші өз біліктілігін растау үшін арнайы орталыққа жүгінеді. Бағалау процедурасының өзі теориялық және практикалық емтихандар түрінде жүзеге асырылады. Құзыреттерді бағалаудан өту кезеңінде қызметкерлерге еңбек заңнамасына сәйкес даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру кезінде ұқсас кепілдіктердің, өтемақылар мен жеңілдіктердің барлық көлемі беріледі.

««Тәуелсіз сертификаттау жүйесі жаңа жұмысқа орналасу және іздеу кезінде бірінші кезекте түлектерді орналастыру үшін «катализатор» болады, сондай-ақ әрбір маманға өз құзыреттерін нақты бағалауға, дағдыларын құжат түрінде растауға мүмкіндік береді. Ал жұмыссыз азаматтар үшін сертификаттау орталықтарының қызметтеріне ақы төлеуді мемлекет жүргізеді, бұл үшін азаматтарға атаулы ваучерлер беріледі», деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.

Бұл орайда білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасында байланыс орнатудың қажеттігі туындайды. Яғни жұмыс берушінің талаптарына сай маман даярлап шығу үшін арнайы оқыту бағдарламасы енгізіледі. Ол бағдарламаны енгізу үшін бірінші кезекте кәсіби стандарт енгізіледі. Ал кәсіби стандарт дегеніміз – қандай да бір маманның белгілі бір кәсіп бойынша меңгеруге тиіс білім, шеберлік пен дағдылар бекітілетін құжат. Қазақстанда осындай 478 кәсіптік стандарт енгізілмек.

«Заңда әрбір салалық мемлекеттік орган үшін кәсіби стандартты әзірлеу және бекіту бойынша жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, мұнай-газ саласына келсек, Энергетика министрлігі ірі жұмыс берушілермен, сарапшылармен, кәсіподақтармен бірлесіп осы кәсіби стандартты әзірлеп, бекітеді. Бұл білім беру бағдарламаларын дайындауға негіз болады. Сондай-ақ білім беру бағдарламалары кәсіби стандартқа сай болуға тиіс деген нормалар бекітілді», дейді вице-министр.

Жалпы, бұл жүйе елімізде 2025 жылға дейін біртіндеп жүзеге асырылады деп көзделіп отыр. Осы жоспарға сәйкес былтырдан бері 1,5 мың кәсіпке жұмыс берушілердің талаптары бойынша біліктілік жүйесіне қатысты талаптар енгізіліп, арнайы стандарттар әзірленген.

«Бұл жұмыс барлық мемлекеттік органдармен бірлесе атқарылды. Биыл 478 кәсіптік стандарт әзірленбек. Ол еңбек нарығындағы жалпы 3 мың кәсіпті қамтиды. Жалпы Қазақстанда 2 жылда 4 мыңға жуық кәсіп қайта жаңартылды. Заң бұл жұмысты одан әрі қарқынды іске асыруға мүмкіндік береді», дейді Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық офисінің басшысы Ерасыл Жұманбаев.

Кәсіптік біліктілікті тану мәселелері, оның ішінде бағалаудан өтуге болатын кәсіптер бойынша барлық ақпарат Электрондық еңбек биржасының кіші жүйесі – Сareer Enbek бірыңғай ақпараттық порталында жинақталады. Яғни азаматтар өзіне қажетті кәсіпке байланысты барлық ақпаратты осы жерден таба алады.